Мен батырдың ұрпағымын
Адамзат тарихында ең сұрапыл соғыс атанған Ұлы Отан соғысының совет әскерінің жеңісімен аяқталғанына 75 жыл. Осыған орай сол майданда ерлік көрсеткен атам жайлы сөз етпекпін.
Менің атам Данышпан Ағаділов 1920 жылы 10 қыркүйекте Жамбыл облысы, Талас ауданы, Бостандық ауылында дүниеге келген. 1941 жылы 3 наурызда Жамбыл облысы, Свердлов ауданы, Құмжота ауылынан әскер қатарына шақырылып, сол жерден Ұлы Отан соғысына аттанған, Белоруссия жерін жаудан қорғауға қатысқан. 1941-1945 жылдары Белоруссияда 604 сп. 767 б-н әскери бөлімде атқыш болған. Соғыстағы ерлігі ескеріліп, СССР Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығымен Ұлы отан соғысының аяқталуына 20, 30 және 40 жыл мерекелік медальдерімен марапатталған.
Соғыс біткесін елге оралып, туған жерінде жанар-жағар май құю станциясының бастығы болып 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен.
Данышпан атам 1992 жылы 72 жасында дүниеден қайтқан. Тараз қаласында Жеңіс саябағында ашылған Даңқ мемориалы тақтасында менің атамның да есімі алтын әріппен жазылған. Біз жыл сайын 9 мамыр Жеңіс күні мерекесінде осы саябаққа барып аталарымызды еске аламыз. Мен атамды соғыстағы ерлігі ұшін мақтан тұтамын және мәңгі жадымда сақтаймын.
Бақдәулет АҒАДІЛ,
Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 сынып оқушысы.