Жұмыссыздықты жоюдың жолы қайсы?!
Елімізде екі қолға бір күрек таппай сенделгендердің санын азайту мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай істер тындырылуда. Атап айтар болсақ, арнайы бағдарламалар қабылданып, әлеуметтік салаға қыруар қаржы бөлінді. Жер-жерлерде жұмысшыларды қайта даярлау шаралары қолға алынды. Елбасымыздың бастамасымен «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпы Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» айдарымен арнайы бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Әрине, атқарылып жатқан істердің нәтижесін жоққа шығара алмайсыз. Мемлекеттік бағдарламалардың күшімен қыруар кәсіпорындар құрылып, жұмыс орындары көбейтілді. . .
Ақылға сыймайтындығы – сол жұмыс орындарына жұмысшы қолдары жетіспей жатыр. Еліміздегі еңбекпен қамту министрлігі келтірген ақпаратқа жүгінер болсақ, Қазақстанда жыл сайын жиырма мың жұмыс орыны бос тұрады екен. Еңбек нарығында әсіресе, техникалық мамандықтар тапшылығы байқалады. Кадр тапшылығы алдағы он жыл бойы сақталуы ықтимал.
Мамандардың уәжіне құлақ асар болсақ, мектепті аяқтап, үлкен өмірге аяқ басқандардың барлығы да гуманитарлық салаға назар аударады. Нарықтың заңына бағынғысы келмеген ата-аналар да балаларының болашақта заңгер, экономист я болмаса кеденші болғанын қалайды. Әркімнің өз баласының жақсы жерде, жақсы қызметте жүргенін қалағанымен, қоғамымыздың барлық түлекті бір салаға тоғыстыра алмасы анық. Дипломына келер қызмет таппаған, заң мен экономиканы игерген жастар жұмыссыз жүрген «әріптестерінің» қатарына қосылуда. Ал, жалған намысты жиып тастағандары мемлекеттің қолдауымен қайта даярлықтан өтіп, қоғамға қажетті іспен айналысуға кіріскен. Әттеген-айы, ондайлардың қатары қалың емес.
Техникалық қызметкерлерге зәру кәсіпорындар амалдың жоқтығынан, шетелдік мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Олқылықтың орнын толтырып, осы саланы жандандыру мақсатында, мемлекет тарапынан түрлі бағыттағы жеңілдіктер, ынталандыру шаралары қолға алынған. Мәселен, осы бағытта білім аламын деушілерге жатын орындары мен тамақ тегін беріледі. Шәкіртақы да төленеді. Ал, ауылды аймақтарға барып еңбек ететін болса, көтермеақысы тағы бар. Кәсіби шеберлерге зәру кәсіпорындар тіптен, келгендеріне баспана беруге де әзір.
Осы тектес істердің нәтижесінде, Қазақстан әлемдегі жұмыссыздық белең алған жүз елдің жиырма жетінші сатысына сырғыды. Әлемдік экономиканы назардан тыс қалдырмайтын Халықаралық валюта қоры (МВФ) келтірген мәліметке сүйенер болсақ, алдымызда – Беларусь, Сингапур, Тайланд, Малайзия, Австрия, Қытай бар. Көрші Ресей – 31, АҚШ – 43 сатыда. Греция мен Македония тізімнің соңында.
Жақын жылдары Кедендік Одақтың құрамындағы Беларусь мемлекетінің Халықаралық валюта қоры құрған жұмыссыздық жайындағы қара тізімінен сызылуы ықтимал. Бұлай деп тон пішуімізге, аталған ел басшысы Александр Лукашенконың жұмыссыз жүргендерге арнайы салық салу жөніндегі заңға қол қоюы себеп болуда. Ресми Минск таратқан ақпаратқа жүгінер болсақ, «арамтамақтықтан» (тунеядство) арылудың тиімді жолы осы!
Беларусь Конституциялық сотының төрағасы Петр Миклашевичтің айтуынша «арамтамақтарға» салынар салық сол елдің конституциялық заңына қайшы келмейді. Керісінше, елдегі жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізеді. «Жарты жыл бойы жұмыс істемеген, еңбекке жарамды кез-келген беларустыққа, осы елде тұратын шетел азаматтарына 20 айлық есептік көрсеткіште, яғни 250 АҚШ доллары шамасында айыппұл салынады. Еліміздің кез-келген тұрғыны әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланады. Тұрғындарға медициналық көмек тегін көрсетіліп, білім тегін беріледі. Сондай-ақ, жол жүру ақысы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағы жеңілдіктер қарастырылған. Осы жеңілдіктерді ұсыну үшін еліміздегі еңбекке жарамды тұлғалардың барлығы тер төгуде. Ал, жарты миллионнан астам адам жұмысқа араласқысы келмейді. Жалпыға бірдей жағдай жасау үшін, олар да еңбекке араласуы тиіс. Ел ішінде жағымды жағдайды қалыптастыру – кез-келгеннің конституциялық құқығы» – деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхабында. Жұмыссыздарға салынар салықтан сол елдегі 18 жасқа толмаған тұлғалар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалары жетіге жетпеген аналар, 55-ке толған әйелдер, 60-тан асқан ер кісілер босатылады.
Тарихи деректерге жүгінер болсақ, «арамтамақтықпен» (тунеядство) арпалысу ертеден бастау алған. Көне славьян тілінен алынған «туне» сөзінің түбіріне үңілсеңіз – біреудің асын тегін, ешбір еңбексіз жеу деген мағынаны береді екен. Қазақтың қарапайым тілімен айтқанда, арамтамақтармен Француз елі ерекше күрескен деседі. 1875 жылдары сол елдің интернационалдары арамтамақтармен күресу қажеттілігін өздерінің әнұранына қосып әндеткен көрінеді. Кеңес үкіметі енді құрылған тұста арамтамақтықпен күресудің түрлі әдістері қолданылған. Лениннің заманында жұмыстан қашқандарды қамап, кейбірін ату жазасына да кескен. Бертін келе, жалқауларды қара жұмысқа салып, жөнге көнбегендерін жер аударумен шектеліпті.
Арамтамақтармен арпалысу тоқсаныншы жылғы тоқырауға дейін жалғасты. Кеңес үкіметі ыдырап, халықтың дені екі қолға бір күрек таппаған кезде ғана тоқтатылған еді. Етек-жеңімізді жиып, заман түзелген тұста кадр тапшылығы қайтадан қылаң беріп, басты мәселеге айналды. Беларустықтар жұмысқа тұруға мәжбүрлеп жатқанда, біздің елімізде ынталандыру қолға алынған. Нәтижесінде, Қостанай обылсының өзінде ғана жұмысқа жұмылдырылғандардың саны артты. Облыстық статистика департаментінің ақпаратына жүгінер болсақ, 2014 жылдың төртінші тоқсанында 503,7 мың адам жұмыспен қамтылды. Екі қолға бір күрек тапқандардың 63,1 пайызы қызметке жалданса, қалғандары өз бетінше тірлік жасауда.
Статистикалық мәліметке қарағанда, жұмыссыздық деңгейі облыс бойынша 4,9 пайыз шамасында. Жұмыс таппай жүргендердің басым бөлігі әйелдер екен. Ең сорақысы, жұмыссыз жүргендердің денін 18-28 аралығындағы жастар құрап отыр. 2013 жылы олардың саны 3,5 пайыз болса, былтырғы жылы 15,2 пайызға жетіпті. Еңбек етпей жүргендердің 40,5 пайызының кәсіби білімі бар, орта білімдісі – 18 пайыз, жоғары білімі барлар – 19,9 пайыз. Еліміздің әлеуметтік даму саласы мамандарының уәжіне құлақ асар болсақ, кадр тапшылығы алдағы он жылдықта ерекше сезілуі тиіс. Әсіресе, инженер, ІТ-технологтары, нано және биотехнология, эколог, дәрігер мамандар тапшылығы орын алады. Олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыссыздарды ынталандыру қажет те шығар? Меніңше, міндеттеу де артық етпейтін сыңайлы. Төрелігін оқырманның өзі айтсын . . .
Жұматай Кәкімжанов.