ЕҢБЕК ЕТКІҢ КЕЛСЕ, ДЕНСАУЛЫҚТЫ ТҮЗЕ!
Бұдан былай алдын ала медициналық тексеруден өтпеген адамдар жұмысқа қабылданбауы мүмкін. Бұл жөнінде ҚР Парламенті Сенатындағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.
Алқалы жиында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Аталмыш құжатта қызметкерлердің және жұмысқа жаңадан қабылданатын адамдардың денсаулығын қадағалауға айрықша маңыз берілген. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жаңа құжат қабылданса, саладағы қордаланып қалған бірқатар мәселені шешуге жол ашылатынын атап өтті.
– Заң жобасы бойынша мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтардың өз денсаулығын сақтауға ортақ жауапкершілігін дамыту шарасы қамтылып отыр. Бұл ретте, жұмыс беруші тексеріп қаралулардан, сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде профилактикалық медициналық қараудан өтпеген адамдарды жұмысқа алмауын көздейтін норманы қарастырдық. Қоғамдық маңызы бар жұмыспен айналысатын қызметкерлер үшін ауысым алдында міндетті медициналық тексерулер енгізу ұсынылады. Бұл норма кәсіби ауруларды айқындап, оның алдын алуға, сондай-ақ, ұйым қызметерлерінің еңбек қауіпсіздігін дамытуға мүмкіндік бермек», – дейді ведомство басшысы Т.Дүйсенова.
– Қазіргі адамдардың көбі өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Тіпті, кейбірі сырқаты дендеп, ауруы асқынғаннан кейін ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. Бұл дұрыс емес, әрине. Қандай жағдай болса да, аурудың алдын алу керек. Әсіресе, еңбек жасындағы ересектер денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жұмысшылардың денсаулығына қатысты талапты күшейткен жөн. Сонда ғана салауатты өмір салтын ұстанған қоғамды құра аламыз, – дейді Рудный қалалық ауруханысың бас дәрігері Талғат Қайкенов.
Жұмысшылардың денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған жаңа құжат Парламенттің қарауына ұсынылды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ