ЭКСПО-ға қатысқан тұңғыш қазақ
Халықаралық ЭКСПО көрмесіне қатысқан алғашқы қазақ – Әміре Қашаубаев екенін біреу білсе, біреу білмес. Қазақтың біртуар әншісі 1925 жылдың мамырында Францияның астанасы – Парижде өткен дүниежүзілік көрменің этнографиялық концертінде «Балқадиша», «Ағаш аяқ» , «Бесқарагер», «Дудар-ай», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Смет», «Қараторғай» әндерін әуелетіп, күллі әлемді тамсандырған еді. Әйгілі француз жазушысы Ромен Роллан Әміренің құдіретті дауысын тыңдағаннан кейін: «Мен Шығыста әншіні неге бұлбұлға теңегенін енді түсіндім?» деп таңдай қаққан екен.
Жақында отандық телеарналардан «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ тапсырысымен Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Балқадиша» әнінен шағын бейнероликтер көрсетіле бастады. Онда сахна шеберлері Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева мен еліміздің өнер жұлдыздары Әміренің әнін жаңаша шырқайды. Ғасырға жуық уақыт бұрын осы әнді Әміре Париж сахналарында әуелеткен еді. Асқақ үнімен аспанды тербетіп, ерекше дауысымен Европаны таңқалдырған Әміре кім? Әміре Қашаубаев 1888 жылы Семей өңірінде дүниеге келген атақты әнші, актер, әрі музыкант. 12 жасқа толғанда Исабек деген байдың ат айдаушысы болып, ол жас әншіні той-жиындарда ән салғызады. Әміре 1921-24 жылдары Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымы «Ес-аймаққа» мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түсті. 1924 жылы осы қалада ұйымдастырылған халық өнерпаздарының байқауына қатысып, бас бәйгеге ие болды.
1925 жыл. Осы жылдың 25 мамырында Франция астанасы Парижде дүниежүзілік этнографиялық көрме өтеді. Халықтар достығын паш еткен өнер жәрмеңкесінде Әміре Қашаубаев кеңес делегациясы құрамында орыстың әйгілі әншілері Долива-Саботнаций мен Ковалева, өзбек өнер майталмандары: әнші Кари Якубов пен биші Тамара Ханум, Әзірбайжан ән өнерін әйгілеуші Шавкет Мамедовпен бірге өнер көрсетеді. Әміренің әніне тәнті болмаған жан қалмайды. Бұрын-соңды мұндай әсерлі әнді тыңдамаған Париж халқы таң тамаша қалады. Қазақ әуенінің қуатына, әншінің таңғы шықтай мөлдір дауысына сүйсінген Францияның өнерсүйер қауымы байқаудың күміс жүлдесін Әміреге береді. Париж көгінде «Ағаш аяқ», «Балқадиша», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан» әндерді әуелеткен күміс көмей әншіге француз жазушысы, өнер сыншысы Ромен Роллан Әміренің әншілік қабілетінің басымдығын мойындап, жоғары бағасын береді. Ал шексіз құрметке бөленген музыканттың аты шартарапқа тарап, даңқ шыңына көтерілді. Делегация бүкіләлемдік көрмеден үлкен әсермен, шығармашылық шабытпен табысты оралды.
«…Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге ән салады».
Әнші жайлы жазушы Жүсіпбек Аймауытовтан асырып айту мүмкін емес. Ал Халық әртісі Жүсіпбек Елебеков әншінің дауысын 8 шақырым қашықтыққа дейін жетті деген дерек келтіреді. «Әдебиет және искусство» журналының 1949
жылғы 10-санында «Екі естелік» мақаласында замандас досы Қалибек Қуанышбаев: «Әміре ән салғанда, қандай күшпен, айқаймен бірнеше әндер айтқанда, түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әндерді айтарда, барлық демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып көпке дейін дем алмайтын», – деп әнші даусының ғажаптығын, үнінің сұлулығын саралап, Әміренің әнді сүйіп айтатынын, халық көп болғанда делебесінің қозып, асқақ даусымен жер мен көктің арасын жаңғыртқанына тамсанады. Шындығында Әміренің даусы өте биік ноталарды қиналмай алатын әрі диапазоны өте кең аса сұлу үнді болған. Сәкен Сейфуллин «Казахстанская правда» газетіне: «Шырқаған әнімен әлемді таңдандырған, Анри Барбюс пен Ромен Роллан тәрізді көрнекті мәдениет қайраткерлерін шын көңілмен сүйсіндірген әнші Әміре дүниеден озды», – деп мақала жазған.
Әмбебап көрме өткізілген тұста Мұстафа Шоқай Парижде жүрген екен. Кеңес одағынан келген делегация құрамынан қандасы Әміре Қашаубаевты көргенде қайран Алаш азаматы қуанғаннан жылап жіберіпті. Көрме аяқталғанша Әміреге қолғабыс жасап, Парижді аралатып, көмектескенге ұқсайды. Тіпті, естелік ретінде Әміреге жақсы костюм де сыйлаған. Басқа ешқандай да мақсаты жоқ осы бір кіршіксіз сыйластық кейін әншінің басына сор болып жабысатынын ол кезде екеуі де білген жоқ еді.
Париждегі жүздесу жайлы әнші «Қазақ тілі» газетіне сұхбат береді. Осыны желеу еткен Біріккен бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшылары қазақ эмигранты Мұстафа Шоқаймен астыртын байланысы бар деп күдік келтіреді. Әншіні тергеуге алып, үздіксіз тексеру жүргізеді. Әншіге сахнаға шығуға, театрда рөлдерге бекітілуге шектеу қойылады. Шығармашылықтың шарасыздығына шырмалады. Қазақтың әншілік дәстүрін дүниежүзіне паш еткен әншінің сағын осылай сындырады. 1934 жылы 7 қарашада ән атасы Әміре Қашаубаев ауыр сырқаттан қайтыс болады.
Әміре туралы көп айтыла бермейтін тағы бір әңгіме бар. Әншінің ескерткішін тұрғызуға жетпісінші жылдардың ішінде Дінмұхамед Қонаевтың өзі тәуекел етіп, 7 мың рубль бөлгізген екен. Осынша қаражатқа Т.Андрющенко деген мүсінші биіктігі 7 метр болатын еңселі ескерткіш тұрғызады. Бұған ел қатты қуанған. Ол уақытта әнші ресми ақталғанымен, әлі де болса қатыгез жүйенің тас құрсауы жіби қоймаған кез. Сол сұрқия саясаттың кесірі болса керек, ескерткіш ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Бір тәубе дейтініміз, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ұлтының атын айдай әлемге алғаш танытқан Әміреге арнап Семей қаласының төріне ескерткіш орнатты.
Әміренің орындауында фонографқа жазылып алынған «Жалғыз арша», «Үш дос», «Ағаш аяқ», «Смет», «Дударай», «Бес қарагер» әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрімов тауып, олар техникалық өңдеуден кейін күйтабаққа түсіріледі. Әміре Қашаубаев орындаған қазақтың классикалык әндері кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тапты. Бұл ретте Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жәнібек Көрменов, Қайрат Байбосынов, Мәдениет Ешекеев, Бекболат Тілеуханов сияқты жезтаңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасарлар болғанын атап өтуге болады. Әміре
Қашаубаев жөнінде жазылған бірнеше зерттеулер, көркем шығармалар жарыққа шықты.
Әміренің Парижде шырқалған әндері Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің Қазақстан павильонында асқақтаса қандай ғажап?! Өйткені қазақ баласының ЭКСПО көрмесінде бір ғасыр бұрын ән салғанын, қазақ ән өнерінің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін жарқырата көрсетуге мүмкіндік туып отыр.
Ал «ЭКСПО-2017» көрмесінің кешені Қазақстанның ғана емес, әлемнің әлеуметтік-қоғамдық дамуына қарқын береді. Сондай-ақ көрме Астананың брендіне айналуы да мүмкін. Ендеше, «ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстан үшін мақтаныш пен жетістіктің көрінісі болғай.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ