Елін сүйген ер Орал Мұхамеджановқа мемориалдық тақта орнатылды
Елімізге белгілі азамат, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Палата төрағасы болған Орал Мұхамеджановтың өмірден озғанына биыл бір жылдан асты. Өзінің кәсіби біліктілігі мен бар қажыр-қайратын елімізді көркейтуге жұмсаған жерлесіміздің есімін қазіргі жастар мен келер ұрпақтың есінде мәңгіге қалдыру мақсатында қаламыздағы экономикалық колледждің қабырғасында мемориалдық тақта орнатылды.
"Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді" демекші, тақтаның салтанатты ашылуында сөз алғандардың бәрі Орал Байғонысұлының парасат-пайымы жоғары, ақыл-ойы асқақ, білімі терең, адамгершілігі мол азамат болғандығын айтып тебіренді. Ол жастайынан іскерлігімен, ұйымдастырушылық қа-білетімен көзге түсіп, көптеген басқару органдарында түрлі жауапты қызметтер атқара отырып, мол тәжірибе жинақтаған білікті саясаткер болды. Еліміз егемендік алған алғашқы күннен Президент әкімшілігінде және Үкімет аппаратында бөлімдер басқарып, Парламент Мәжілісі-нің депутаты, кейін Палата төр-ағасы болды. Қай жерде еңбек етсе де ұжымның ұйытқысы, ұйымдастырушысы, халыққа, әріптестеріне жайлы, жағымды, сыйлы көшбасшы бола білді деп еске алады замандастары.
– Орекең әрқашан біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың командасында бола отырып, өз ісінде оның идеясы мен бастамасын халыққа жеткізуші болды. Ол кісі мол білімі мен қажыр-қайратын туған елімізді көркейтуге, оның құқықтық заңнамалық базасын қалыптастырып, нығайтуға жұмсаған тұлға еді. Бүгін Орекең туралы көптеген жақсы жылы сөздер айтылып жатыр. Ол кісінің жасап кеткен жақсы істері келешек ұрпақ үшін үлгі болары анық. Киелі Қостанай жеріндегі белгілі тұлғалардың бірі – Орал Байғонысұлының есімін әрдайым мақтанышпен еске алып жүретін болайық, – дейді облыстық мәслихаттың хатшысы С.Ещанов.
Тақтаның ашылуында сөз алған Орал Мұхамеджановтың немере ағасы Сұңқар Оспанов та інісінің жоғары қызметтерде жүрсе де туғандарын, ауылдағы ағайындарын ешқашан ұмытпай, қуанышта да, қайғыда да солардың қасынан табыла білетін еді деп еске алады.
– Орал ақылды, бауырмал, жолдас-жораларына да адал азамат болып өсті. Әулетімізде қандай оқиғалар болмасын, әрдайым атсалысып отырды. Үкімет адамы болса да уақыт тауып келетін. Сұм ажал Оралымызды ортамыздан ерте алып кетті. Оның еліне, туған жеріне берері әлі де көп еді. Амал қанша, топырағы торқа, жаны жәннатта болсын дегеннен басқа не дей аламыз. Оралымыздың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында бүгінгі мемориалдық тақтаны ашуға үлес қосқан облыс, қала басшыларына айтар алғысымыз шексіз, – дейді Сұңқар Оспанов.
Ардақты азаматтың құрметіне орнатылған бұл тақта аталған оқу орнының қабырғасына бекерден-бекерге қойылған жоқ. Себебі, Орал Байғонысұлы осы білім ордасында 1964-67 жылдары білім алды. Мемориалдық тақтаның ашылуында сөз алған замандастары да Орал Байғоныс-ұлының Тобыл топырағына сапары түсе қалса, міндетті түрде осы оқу ордасына бас сұғып, ұстаздар қауымымен тілдесіп, жастармен жүздесуді ешқашан ұмытпайтындығын айтады.
– Орал Байғонысұлы туралы өткен шақты еске алу мен үшін өте ауыр. Себебі, құлын-тайдай қатар өстік, мектепте де бір жылдары оқыдық. Ержетіп, есейген шағымызда да үзеңгілес қызмет еттік. Бір таңқаларлығы, Орекең мамандыққа жолдама алған осы оқу орнына басшы боламын деп мен ойладым ба. Орекең осы оқу ордасында 1964-67 жылдары білім алды. Жалынды студенттік өмірдің қызықты күндерін өткізді. Колледждің қарт ұстаздары Оралдың білімді, алғыр, белсенді студент болғандығын тебірене әңгімелейді. Азамат болып қалыптасуына осы оқу орны куә болғандықтан болар, ол үнемі аталған білім ордасына арнайы келіп, студенттермен, ұстаздармен кездесу өткізуді ешқашан ұмытқан емес. Біздің елдің қасиетті топырағынан бірталай танымал азаматтар шықты ғой. Орал Байғонысұлы солардың ішіндегі бірі де бірегейі еді. Ол бүкіл саналы ғұмырын, білімін, бар қажыр-қайратын еліміздің дамуына сарқа жұмсады десем артық айтқандық болмас. Оның алар асуы, шығар шыңы әлі де алда еді. Бірақ, ажалға қарсы тұру мүмкін емес қой. Біз арысымыздан айырылып қалдық. Мәңгілік ештеңе жоқ, дегенмен оның жарқын бейнесі біздің есі-мізде мәңгі сақталады. Қазіргі жастар, келешек ұрпақ осындай асыл азаматымыздың болғанын біле жүруі тиіс. Орекеңнің көре алмай кеткен қызығын артында қалған отбасына, балаларына берсін, – дейді Қостанай экономикалық колледжінің директоры Қабиболла Хамзин.
Халық қалаулысы жайлы айтылған жылы сөздерден кейін мемориалдық тақтаны Орал Байғонысұлының немере ағасы Сұң-қар Оспанов, баласы Еркін Мұхамеджанов және колледж директоры Қ.Хамзин, облыстық мәслихат хатшысы С.Ещанов ашты.
Қарлығаш
ОСПАНОВА