Соңғы секундтар әперген сый
Қазақстан Ұлттық чемпионатының кезекті 14-ші тур ойындары Қостанайдың «Тобылына» жеңіс әперді.
Өз алаңында. Бірінші айналымда «Ордабасыға» 0:3 есебімен есе жіберген жерлестерімізге бұл жолы қарсыластарын қалайда жеңу қажет болатын. Алайда, матч өте сүреңсіз өтті. Допты жөн-жосықсыз айдалаға тебу немесе аяқ астындағы доптан тегіс жерде айрылып қалу сияқты бейберекетсіздіктер қос команданы да сүйкімді етіп көрсете алмады. Қайта екінші таймда ойынның өн бойына ептеп қан жүгіргендей болды. Әсіресе, қонақтар атойлап алға ұмтылғанда қостанайлық футболшылар бүкіл команда боп қорғанып А.Петухов қақпасын голдан аман сақтап қалған. Осындай жандәрмен сәтте алаң иелері ойын тәртібін бұзып, сол жерден «Ордабасы» командасының капитаны Қайрат Әшірбеков «Тобыл» қақпасын нысанаға алды. Әуелеген допқа бірінші жеткен Эдин Юнузович дөп келген допты баспен ұрып, қақпаға енгізді. Бұл ойынның 72-ші минуты болатын. Осыдан кейін «Тобылдың» бас бапкері Вардан Минасян алаңға Әлішер Сүлей, Игорь Бугаев және Нұрбол Жұмасқалиевті шығарды. Тың күш командаға жаңа серпін әкелгенін айтпасқа болмайды. 89-шы минутта команда капитаны Нұрбол Жұмасқалиевтің берген пасын Игорь Бугаев голға айналдырды. Ал төреші қосқан қосымша 3 минуттың соңғы секундтарында Бугаев дубль авторы атанып, командасына жеңіс әкелді. Осыдан кейін аса маңызды үш ұпайға қол жеткізген қостанайлық команда турнир кестесіндегі жетінші орынға жайғасты. Енді жерлестеріміз 1 маусым күні Қызылорданың «Қайсарымен» кездеседі. Қалған кесдесулердің нәтижелері мынадай: «Тараз» — «Астана» 1:2 ,«Қайрат» — «Қайсар» 1:0,«Ертіс» — «Жетісу» 1:0, «Ақтөбе» — «Атырау» 0:0,«Шахтер» — «Спартак» 1:0.
Вардан Минасян,»Тобыл» ФК бас бапкері:
– Барша жанкүйерлерді жеңісімен құттықтаймын. Бұл шын мәнінде төгілген тердің өтемі ғой деп ойлаймын. Екінші таймда біз тың күш қосу арқылы өз ойымызды іске асырдық. Әсіресе, матч соңына қарай қарсыластарымызды бүкіл команда болып өз айып алаңдарына қарай тықсыра білдік. Бұл таблодағы нәтижеге ықпал еткені даусыз.Біз үшін әр кездесуі кішігірім финал іспетті. Онда шегініске жол жоқ. Ойыншыларға осы талпыныстары үшін алғысымды білдіремін!
Әлібек Ыбырай
Суретті түсірген Айбек Жүзбай
Женисти когершин акелди! Адал кус екен….