Өткеннен сабақ алған жөн
Бүгін Қостанайда облыс ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің көктемгі егіс алдындағы дәстүрлі кеңесі болып өтті. Онда жауапты науқан алдындағы міндеттер сараланып, бұған дейін орын алған кемшіліктерді болдырмау қажеттігі айтылды.
Өкінішке қарай, біздің облыс үшін ең маңызды саналатын салада қаузайтын мәселе көп. Мұны облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыповтың баяндамасынан байқадық. Оның сөзінше, егін өсірумен айналысатын кәсіпкерлердің берешегі 71 млрд.теңгеге жеткен. Соның 14 млрд . теңгесі әбден қордаланған. Яғни, қарыз соңғы жылдары 1,5 есеге өскен. Көптеген шаруалар әлі күнге дейін гербицидтер мен минералды тыңайтқыштарды қолдануды білмейді. Соның салдарынан егін алқаптарын арам шөп басып, шығымы төмендеп кетеді.
Облыс әкімі Н.Садуақасов аудан басшылары мен шаруашылық жетекшілерін айтылған сындардан қорытынды шығарып, жағдайды өз бақылауларына алуды тапсырды. Қалайда, өткен жылғы қолайсыздықты болдырмаған жөн деп ескертті өңір басшысы.
Облыстық ауылшаруашылық кеңесі туралы толық материалды газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ