Шуақты шаңырақ

Қазір мұнда орталықтың мүшелеріне мемлекеттік тілімізбен қатар өздерінің ана тілін оқытып, үйрету үшін жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Қазақ тілін үйренуге қай ұлттың өкілі болмасын ыждағатты екен. Ғимаратта әр орталықтың жеке бөлмесі, ортақ би залы, көрермендер залы бар. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Орталықтардың көркемөнерпаздар үйірмелері мен қолөнер шеберлерінің жетістіктері де жетерлік.
"Мугунхва" (корей), "Мечта" (украин), "Русская песня" (орыс) секілді халықтық хор ұжымдары, татар-башқұрт, армян, әзірбайжан, тәжік ұлттық орталықтарының халықтық ансамбльдері, би тобы, драмалық үйірмелері мерекелерде, түрлі мәдени шараларда және байқау-конкурстарда өнерлерін ортаға салып, береке мен бірліктің көрігін қыздырудан жалыққан емес. Этномәдени орталықтардың өнерпаздары әртүрлі халықаралық байқаулардан оза шауып, жүлделі орындардан да көрініп жүр. Достық үйінен әр ұлттың әуезді үні естіліп, әсем әуендері қалықтайды. Ән мен күй бірлігі мықты берекелі елдің сәнін келтіріп, салтанатын арттыратыны сөзсіз.

Бұл шаңырақ талай істердің куәсі болып келеді. Түрлі көрмелерден әр ұлттың қолөнерін, ұлттық тағамдарын көруге болады. Бұл жай ғана көрме емес, әр дүние сол ұлттың мәдениетінен, дүниетанымынан хабардар ететіні көрермен үшін маңызды. Әрқайсысы үлкен тарихтың кішкентай бөлшегіндей. Сан қилы жәдігерлер әр кезеңнен сыр шертетіндей. Ал күнделікті өтіп жататын түрлі шараларға қатысушылар мен келушілердің мұнда бас сұқпай кететіндері сирек.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА