Көрменің көмегі көп
Бүгін Қостанайда тұңғыш рет «Агронауқан-2015» ауылшаруашылық көрмесі өтті. Оған егін шаруашылығына қажетті техникалар, өзімізде құрастырылған жеңіл көліктер, түрлі қондырғылар, тұқым, тыңайтқыштар, мал өнімдері қойылды.
Жалпы, бұл ауқымды шараға еліміздің Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Ресейдің Челябі облысынан келген кәсіпорын өкілдері қатысып, өз өнімдерін көрсетті. Ауылшаруашылық көрмесін облыс әкімі Нұралы Садуақасов келіп аралап көрді. Ол шетелдік ауылшаруашылық техникалары мен қондырғыларын ұсынушы кәсіпорын жетекшілерімен пікірлесіп, мұндай шаралардың диқандарға тиімділігін атап өтті. Ал бизнес өкілдері өз өнімдерін жарнамалауға жасалған зор мүмкіндік үшін аймақ басшысына алғыстарын айтты. Тіпті, көрме үстінде ауылшаруашылық техникаларын қолма-қол сатып алғандар да болды.
. «Біз егін алқаптарын химиялық өңдеуден өткізуге арналған шағын ұшақтарды да жеткізіп беруге әзірміз. Мәселен, өздеріңіз көріп тұрған «Арай» деп аталатын мына авиахимиялық ұшақтар Алматы қаласында шығарылады. Бұдан басқа да егін орағына қажетті соңғы үлгідегі қондырғылар әкелеміз»,-дейді «Мотор-деталь» ЖШС директорының бірінші орынбасары Абай Шалабаев. Бұл мекеме РФ, Украина және Беларуссияның Қазақстандағы жалғыз ресми диллері. Кәсіпорын облыс ауылшаруашылық тауар өндірушілерін осы үш елде шығарылған сапалы техника және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етіп келеді.
-Көктемгі егіс науқаны алдында тауар өндірушілер үшін мұндай көрме өте тиімді. Неге десеңіз, жермен жұмыс істейтін кез келген шаруаның күні бойы теледидар немесе газет қарауға мүмкіндіктері бола бермейді. Ал мына жерде кімге қандай техника қажет, бәрі тұр. Әркім таңдағанын алуға мүмкіндік зор. Сондықтан, бүгін осында 65 кәсіпорын келіп,өздерінің тауарларын көрсетіп жатыр,-дейді облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов.
Қостанай облысы – еліміздегі ең ірі дамыған көпсалалы агроөнеркәсіптік кешен. Республикадағы барлық астықтың 25 %-ын Тобыл өңірінің диқандары өндіреді. Қостанай бидайы өз елімізде ғана емес, шет мемлекеттердің де сұранысына ие. Соңғы жылдары облыс шаруалары тек бидай өсірумен шектелмей, жерді әртараптандыруға мейлінше көңіл бөле бастады. Яғни, майлы дақылдар, мал азығы да қажет.
Қостанай ауданындағы «Естаев» шаруа қожалығының жетекшісі Ибраш Естаевпен әңгімеслескенде, ол мұндай шараның шаруалар үшін пайдасы зор екендігін айтты: «Егер сапаға көңіл бөлем деген, жерде өнгенді бір түйір дәніне дейін шашауын шығармай жинап алам деген адам бәрібір озық үлгідегі техникаға иек артады. Өйткені, бұрынғы тракторлардың заманы өткен. Шетелдік техникалар төзімді әрі өнімділігі екі-үш есе жоғары».
Облыс ауылшаруашылық бизнесі облыс пен республикадағы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдеріндегі кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнатуға пейілді. Бұған облыс басшысы Н.Садуақасовтың тапсырмасымен ұйымдастырылған «Агронауқан-2015» ауылшаруашылық көрмесі айқын дәлел.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ