Би-ағаңа арналды
Алаштың ардақты азаматы, қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 120 жыл. Біртуар қаламгердің мерейтойы облыс орталығында және Таран ауданында аталып өткен болатын. Өнегелі іс-шараның жалғасы ретінде Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана еске алу митингісін өткізді.
Іс-шараға қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты. Көпшілік күннің суықтығына қарамастан темір жол вокзалының алдындағы Би-ағаңның ескерткішіне жиналды. Жастар жағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, үлкендер Би-ағаң жайлы естелік сыр айтты.
– Жақында Алматыда Жазушылар одағының құрылғанына 80 жылдығына орай үлкен мәжіліс болды. Сол съезде Бейімбет Майлин туралы жақсы лебіздер айтылды. Облыс орталығында және Таран ауданында Би-ағаңа арналған жақсы іс-шаралар өтті. Ақындар айтысы мен жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Ауқымды шарада Таран ауданына Бейімбет Майлиннің атын берсек деген ой тасталды.
Бейімбет Майлин күндіз-түні жұмыс істейтін еңбекқор жан болған. Бұл кісі очерк жанрын қазақ топырағына алып келген жазушы. Ол өзінің шығармаларын ел аралап жүріп жазған. Кейіпкерлері де нақты адамдар. Журналистика саласындағы еңбегі де ұшан теңіз,– деді Қостанай облысындағы Қазақстан Жазушылар одағы филиалының директоры Ғұмар Ахметчин.
Еске алу митингісінде Бейімбет Малиннің шығармашылығы, ауыр тағдыры және өміршең туындылары туралы айтылды. Сталиндік қуғынның құрбаны болған азаматтың жазушылық, журналистік қыр-сыры, адамгершілігі кеңірек әңгімеленді. Иә, Би-ағаң жайлы айтылар ой жетерлік. Кешегі "Ауыл", қазіргі "Қостанай таңы" газетінің негізін қалаған азаматтардың бірі де осы Би-ағаң. Қазақ әйелдерінің образын, ашаршылық ақиқатын жаз-ған да Бейімбет Майлин болатын.
– Бейімбет шығармаларының бәрі өмірде бол-ған жәйттар. Оның кез келген әңгімесінде Қостанайдың тарихы, жер-су аттары тұнып тұр. Кезіндегі ашаршылық қасіретін алғаш жазған жазушылардың бірі осы Бейімбет Майлин еді. Мәселен, "Жалбыр" пьесасында өмірде болған оқиғаларды баяндайды,– деді танымал ақын Серікбай Оспанов.
Іс-шара барысында сөз алған тәлімгер ұстаз Ғайнижамал Бердалинованың пікірі былайша өрілген еді: – Бейімбет Майлин қазақ әйелдерінің образын жасаған адам. "Шұғаның белгісі" шығармасы бұған дәлел болмақ. Би-ағаңа арналған іс-шаралар келесі жылы да жалғасын табады деп сенеміз. Халқы үшін елім, жерім деп өмірден өткен азамат біздің жадымызда мәңгіге қалады.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: еске алу митингісіне қатысушылар.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.