Венада «Астана ЭКСПО-2017» делегациясы мен БҰҰ ынтымақтастық орнатуда
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК Басқарма Төрағасының орынбасары Вера Кобалия бастаған делегация Венаға сапар жасады. Сапар мақсаты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты орнату және Австрия елінде ЭКСПО-2017 көрмесін ілгерілету.
Ұлттық компания өкілдері БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінде «Барлығына арналған тұрақты энергетика» (Sustainable Energy for All) бастамасын жүзеге асыру жөніндегі Сабағаттық кеңес мүшелері өкілдерінің (шерптердің) кездесуіне қатысты. БҰҰ 2011 жылы жариялаған бұл бастаманың мақсаты – энергиямен жабдықтаудың қазіргі заманғы түрлеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету, жаһан бойынша тұтынылып отырған энергия көлеміндегі қайта қалпына келетін қуат көздерінің үлесін екі есеге арттыру және 2030 жылға қарай энергия тиімділігін ұлғайтудың жаһандық қарқынын еселеу.
Сабағаттық кеңес алдында сөз сөйлеген В. Кобалия Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне ерекше тоқталып өтті. . Кездесу нәтижесінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК және БҰҰ жанындағы «Барлығына арналған тұрақты энергетика» бастамасы арасында екі ұйымның ынтымақтастық бағытын белгілеген өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 делегациясы бірқатар екіжақты кездесулерді, оның ішінде БҰҰ Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымының (ЮНИДО) Энергетика департамент директоры П. Монгамен, Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламалар бюросының бастығы О. Мемедовичпен 2015 жылдың желтоқсанындағы ЮНИДО Бас конференциясы шеңберінде қосалқы іс-шараны өткізу мәселесі бойынша кездесу өткізді.
ОПЕК Халықаралық даму қорының Корпоративтік жоспарлау және экономикалық қызметтер департаментінің директоры Ф. Хасанмен кездесу кезінде тараптар Қордың «Кедейлерге арналған энергетика» бастамасы шеңберінде ынтымақтасу мүмкіндігін талқылады.
Сонымен қатар, Вера Кобалия Австрияның ғылым, зерттеулер және экономика жөніндегі федералдық вице-министрі Б. Гирлингермен және Австрияның Экономикалық палата президенті Б. Шенцпен кездесті. Ұлттық компания делегациясы көрме құрылысының барысы туралы толық ақпарат берді. Ал Австрия тарапы 2015 жылдың соңына дейін көрмеге қатысу туралы нақты шешімдерін жариялайтындығын жеткізді.
Делегация мүшелерінің пайымдауынша, бұл сапар БҰҰ жүйесінің Венадағы ұйымдарымен ЭКСПО-2017 шеңберінде ынтымақтасудың болашағынан үлкен үміт күттіретін бағыттарын белгілеп, сондай-ақ, Австрияда ЭКСПО-2017 көрмесін ілгерілетуге септігін тигізді.