Алимент өндіріп алам деген аналар үшін жедел желі
Балаларының нәпақасын өндіріп ала алмай жүрген әйелдер енді 150 нөміріне хабарласып, өз проблемасымен бөлісе алады.
Алимент төлеуден қашып жүрген әкелерді жауапқа тартудың бұл бір жолы. 2015 жылдың 15 наурызынан бастап 150 нөмірінде осындай қызмет түрі көрсетіледі. Өтініштер 15 мамырға дейін қабылданады. Елімізде алимент төлеу мәселесінің жалпы жағдайы анықталмақ. Одан кейін барлық мағлұмат ҚР Бас прокуратурасына жолданбақ. Сөйтіп баласына ақша бөлуден жалтармақ болған әкелерді жауапқа тартумен Бас прокуратура айналысады.
Алдағы уақытта біріңғай алимент қорын құру жоспарлануда. Қор келесі қағидамен жұмыс істеуді көздеп отыр. Мемлекеттік қазынадан айлап-жылдап әкелерінен бір тиын көрмеген балаларға қаржы бөліп, ал оны кейін безбүйрек әкелерден өндіріп алмақ.
Махаббат Бекбай