Облыс әкімінің үш бірдей кеңесшісі құрметті демалысқа шықты
Бұл лауазымдар әзірге бос тұрады, тіпті, алдағы уақытта жойылуы да мүмкін дейді білетіндер. Естеріңізге салайық, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде қарастырылған мемлекеттік қызметке орналасу процедураларын жаңғыртуға байланысты зейнет жасына жеткен қызметкерлермен одан әрі қарай келісім-шарт жасалмайды.
Соған сәйкес, бүгін облыс әкімінің үш бірдей кеңесшісі-Виктор Мейстер, Сергей Жалыбин және Сәкен Төкеновті құрметті демалысқа шығарып салды. Оларға өңір басшысының Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
-Бұл кісілер ұзақ жылдардан бері облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосты. Олар өз әріптестері мен халық алдында үлкен беделге ие,-деп атап өтті облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Ақсақалдық жасқа жеткен үш кісінің де есімдері облыс жұртшылығына жақсы таныс. Виктор Мейстер жиырма жылдан артық облыс әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. Сәкен Төкенов кезінде Рудный қаласының әкімі болған. Одан соң Қостанай қаласы әкімінің орынбасары, кейін облыстық мәслихаттың хатшысы боп төрт жыл қызмет істеді. Ал Сергей Жалыбин 1997 – 1999 жылдары ҚР әділет вице-министрі, одан соң облыстық әділет басқармасының бастығы қызметін абыройлы атқарды. Ол әр жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаты болып сайланған. 2013 жылдан бері облыс әкімінің кеңесшісі.
Әлібек ЫБЫРАЙ