Жыр арқауы – Ахаңның мерейтойы
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Әулиекөл ауданында "Дәуірдің жарық жұлдызы" атты облыстық ақындар айтысы өтті.
Айтысқа келген ақындар мен қонақтар аламан басталмай тұрып, алдымен А.Байтұрсынұлы ескерткішіне тәжім ете барды. Одан соң «Мұғалім көліне» сапарлап қайтты.
Жыр додасына Қостанай облысының әр ауданынан 10 ақын қатысты. Олар: Ернұр Әуезхан (Әулиекөл ауданы), Марғұлан Оспанов (Қостанай қаласы), Ғалымгерей Кенжеғозин (Рудный қаласы), Салтанат Өтелбаева (Қостанай қаласы), Еламан Тұрсын (Амангелді ауданы), Айбар Рағатов (Арқалық қаласы), Балтасар Тұрсынбекұлы (Амангелді ауданы), Батырлан Сағынтаев (Арқалық қаласы), Байбатыр Ахметбеков (Жанкелдин ауданы), Мамай Ізтілеу (Бейімбет Майлин ауданы). От ауыз, орақ тілді ақындар Алаш арысы, ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлын жыр-өлеңге арқау етті.
Айтыскерлердің өнеріне Қостанай облысының еңбек сіңірген айтыскерлері мен құрметті тұрғындары төреші болды. Атап айтқанда, Амангелді ауданының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық, республикалық, облыстық айтыстардың жеңімпазы, қазылар алқасының төрағасы Әлпия Орманшина, филология ғылымдарының кандидаты, Мәдениет үздігі, ақтаңгер ақын Айбек Қалиев, облыстық, республикалық айтыстардың жеңімпазы, әдеби кітаптардың авторы Абай Қажиев, қазақтың айтыскер қыздары арасында тұңғыш рет ақбоз ат мінген ақын, елордадағы Опера және балет театрының қызметкері Жадыра Құтжанова қазылар алқасында болды.
Жыр-жарыс тартысты, мазмұнды өтті. Бір-бірлерімен талай рет сахнада кездескен ақындар керемет айтыс кешін жасай алды. Қазылар шешімімен ақтық айналымға Ғалымгерей Кенжеғожин, Мамай Ізтілеу, Марғұлан Оспанов, Батырлан Сағынтаев және Ернұр Әуезхан шықты. Ақындар қайымдасып, суырыпсалмалық шеберліктерін көрсетті.
Сонымен, облыстық айтыс қорытындысында бас жүлдені арқалықтық арыстан Батырлан Сағынтаев иеленді (150 мың теңге). Бірінші орын – рудныйлық Ғалымгерей Кенжеғожиннің еншісінде (100 мың теңге). Бейімбет Майлин ауданынан келген Мамай Ізтілеуге жүлделі екінші орын берілді (70 мың теңге). Үшінші орынға қостанайлық Марғұлан Оспанов лайық деп танылды (50 мың теңге). Арнайы жүлде Әулиекөл ауданы атынан шыққан Ернұр Әуезханның қанжығасына байланды. Ақындардың барлығы да құр алақан кетпеді. Көрермен керемет өнер мерекесіне куә болып, ақындарға зор ықыластарын білдіріп, құрмет-қошеметтерін аямады.
Айдана АЙБЕКҚЫЗЫ