Елін сүйген ерді еске алды
Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты, Палата төрағасы болған марқұм Орал Мұхамеджановтың есімі тек Қостанай, Торғай өңіріне ғана емес, бүкіл елімізге белгілі. Ол кісі өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің, жоғары біліктілігі мен адамгершілік қасиетінің арқасында қоғамда үлкен бедел мен абыройға ие болды. Әрдайым тәуелсіз еліміздің іргесін қалау жолында зор еңбек сіңіріп, қоғамда реформаларды жүзеге асыруға, тұрақтылық пен келісімнің орнығуына да сүбелі үлес қосты. Осы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, бірқатар медальдармен де марапатталды.
Осылайша өзінің кәсіби біліктілігі мен бар қажыр-қайратын елімізді көркейтуге жұмсаған жерлесіміздің есімін қазіргі жастар мен келер ұрпақтың есінде мәңгіге қалдыру мақсатында былтыр қаламыздағы экономикалық колледждің қабырғасында мемориалдық тақта орнатылған болатын. Енді міне, бүгін аталған білім ордасында колледждің тарихынан сыр шертетін мұражай ішінен қоғам қайраткеріне арналған бұрыш ашылды. Игі шараның салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары М.Дәрібаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ж.Мақанов, облыстық мәслихаттың депутаты Ә.Дуанбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, драматург С.Тұрғынбекұлы, елімізге танымал ақындар А.Шаяхмет, Н.Мұқатов бастаған зиялы қауым өкілдері мен Орал Байғонысұлының достары мен туған-туыстары, колледж студенттері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары М.Дәрібаев пен қоғам қайраткерінің жұбайы Шолпан апа мұражайдың лентасын қиып, колледж директоры Қ.Хамзин жиналғандарға копперативтік техникумның кешегісі мен бүгіні жайлы мағлұматтар беріп, «техникум түлектері» деген атаумен арнайы жабдықталған бұрыш туралы да тілге тиек етті.
-Бүгін міне біздің колледждің қабырғасында мұражай ашылып жатыр. Кезінде кооперация деген ұлкен ұжым болды. Бұл мұражай соның тарихына әрі осы оқу орнын бітірген түлектерге арналып отыр. «Техникум түлектері» деп аталған бұрышта білім ордасының түлектері жайлы, соның ішінде тілге тиек қылып айтатын ел азаматы, елге еңбегі сіңген қоғам қайраткері О.Мұхамеджанов туралы баяндалады. Бұл жерде ол кісінің туу туралы куәлігі мен бірінші сыныптағы баға табельдерінің, алған марапаттары мен дипломдарының да көшірмесі қойылған. Бүгінгі рәсімді тек мұражайдың ашылуына ғана емес, ол кісі жайлы жақында жарық көрген естелік кітаптың тұсаукесеріне де орайластырып ұйымдастырып отырмыз, – дейді колледж директоры Қаби Хамзаұлы.
Мұнан кейін жиналғандарға ҚР Парламенті Мәжілісінің қолдауымен түсірілген Орал Байғонысұлы туралы деректі фильм көрсетілді.
“Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” демекші, еске алу шарасында сөз алғандардың бәрі Орал Байғонысұлының парасат-пайымы жоғары, білімі терең, адамгершілігі мол азамат болғандығын айтып тебіренді. Ол жастайынан іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, көптеген басқару органдарында түрлі жауапты қызметтер атқара отырып, мол тәжірибе жинақтаған білікті саясаткер болды. Еліміз егемендік алған алғашқы күннен Президент әкімшілігінде және үкімет аппаратында бөлімдер басқарып, Парламент Мәжілісінің депутаты, кейін Палата төрағасы болды. Қай жерде еңбек етсе де ұжымның ұйытқысы, ұйымдастырушысы, халыққа, әріптестеріне жайлы, жағымды, сыйлы көшбасшы бола білді деп еске алады замандастары.
-Орал ағамыздың есімін елі ешқашан ұмытпайды. Ол кісі бүкіл Қазақстан тарихында із қалдырған тұлғалардың бірі. Кейбір азаматтар тәрізді ол кісі ешқашан жасаған жақсылығын жария қылмайтын. Тіпті, Қамысты ауданына осы кісінің қолдауымен газ тартылғанын біреуі білсе, ендібірі біле бермейді. Осының өзі ол кісінің тұлғалық қасиетінің бірі шығар деп ойлаймын. Сондай кісімен қызметтес болған біз де өзімізді бақытты санаймыз, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы да бүгінгі шараға Астанадан арнайы келген екен. Ақын Орал Байғонысұлының Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асыру жолында адал қызмет жасаған қоғам қайраткерлерінің бірі болғандығын, бар күш-жігері мен қабілетін туған еліміздің өркендеуіне арнаған азамат екендігін айтады.
-Жақында Орал туралы «Халқым деп соққан жүрегі» деген атаумен естелік кітап жарыққа шықты. Бұл кітаптың дүниеге келуіне осы өлкенің біраз азаматтары атсалысып, үлкен үлес қосты. Міне, бүгінгі шараның сол кітаптың тұсаукесер рәсімі ретінде осы білім ошағының қабырғасында өтіп жатқаны бұл тарихи жағдай. Мұндай игі шара мұның алдында Арқалық қаласындағы пединститут қабырғасында, сондай-ақ Астанадағы белді жоғары оқу орындарында да өткен болатын. Ал, мұндағы ерекшелік – бұл Оралдың тікелей өзіне, өміріне қатысты, себебі ол осы білім ордасында білім алды. Жалпы, Орекең туралы жақсы естеліктерді бір сәтте айтып тауысу мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіз Қазақ елінде Орал сияқты тұлғалар сирек. Ол бір емес, екі рет Мәжіліс спикері болды. Аз ғана ғұмырында көптеген келелі іс жасап кеткен оның өмірі жастарға, келер ұрпаққа да да үлгі болуы үшін осындай игі басқосуларды жиірек өткізіп тұру қажет, – дейді Серік Тұрғынбекұлы.
Иә, артына өшпейтін үлгі, жоғалмайтын із қалдырған Орал Байғонысұлының елі, туған өлкесі үшін тындырған ісі, жеткен жетістігі халқының көз алдында. Басқосуға жиналғандар да мемлекет және қоғам қайраткері, ардақты азаматтың есімінің ешқашан ұмытылмайтындығын, әрдайым оның рухына бас иетіндіктерін айтып тарқасты.
Қарлығаш ОСПАНОВА