Сын сағатта біргеміз

Жібек Нұрсейітова – көп балалы ана. Жақында ғана кішкентайлы болып, үйде бала күтімімен отыр. Бұрын ауданда кітапханашы болды. Оның сыртында өзінің шағын ісін дөңгелентіп, кәсібін бастаған болатын. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дейді қазақ. Қазіргі кезде әр адамның нәпақасы өзінің іс-әрекетіне байланысты. Шағын болса да іс бастап, сол істен пайда көру еңбекқорлықтың бір көрінісі. Істеймін десе адам баласының атқармайтын ісі жоқ. Қазіргідей интернет саудасы жақсы дамыған заманда базарға шығып сауда жасамай-ақ, үйде отырып үлкен іс тындырып жүргендер жетерлік. Ебін таба білсең негізгі жұмысыңа кедергі келтірмей-ақ кәсіп көзін кәдеге жаратуға да болады. Осыны түсінгендер де аз емес. Ал Жібек осындай жандардың қатарынан десем де болады. Ол үйде отырып, тойға арнап тойбастар сыйлықтарын, ақ жол төсенішін, шатырлар тігіп, тіпті неке қию рәсімін де бар сән-салтанатымен атқарып береді. Бәрі де қазақы нақышта, өз жоралғысымен жүзеге асады. Әрбір дүниесін өзі қолдан тігіп, тойдың көркін келтіретіндей әсем болып шығады әр істеген заты.IMG-20200401-WA0160
–Өзім табиғатымнан бір орында отыра алмайтын адаммын. Маған бірдеңені үйреніп, оны жүзеге асырып, тездетіп жаңашылдыққа қол жеткізгенді жақсы көремін. Жолдасымның да, өзімнің де негізгі жұмысымыз бар. Бірақ бос уақытта неге пайдалы іспен айналыспасқа деп ойладым. Қазіргі кезде қазақта не көп – той көп. Интернетті аша қалсаңыз небір идея, бастамалар да жеткілікті. Тек өзіңінің жадыңнан титімдей болса да жаңашылдық енгізіп, елге ұсынсаң қандай жақсы. Халықтың сұранысына қарай икемделе білген де жақсы емес пе. Осы мақсатта мен де осыдан үш жыл бұрын тойларға арналған неке қию рәсіміне сай жас жұбайлар отыратын әдемі шатерлер тіге бастадым. Одан қалды тұсау кесер, қырқынан шығару, қыз ұзатуға әдемі ақ жолдарды тігіп, той өтетін залды сәндеуді бастадым. Халықтың сұранысы жақсы. Тойларға арнайы барып, барлық рәсімін өткізіп беремін. Тойбастар сыйлықтарын жасауды да қолға алған болатынмын. Менің жасағанымды ұнатқан жақындарым, таныстарым, достарым маған тапсырыс бере бастады. Қазір интернет арқылы жарнама жасап көптеген тұтынушы, тұрақты алушы адамдар таптым. Бұл дайын дүниелер емес. Әрбірін қолдан тігіп, бір-бірімен үйлесім тауып тұратындай әсем болғанын қалаймын. Сондықтан бұл істің де өзіндік жауапкершілігі бар. Жаның қалап жасаған жұмысты бар ынтамен, тапсырыс берген адамның талғамынан шығатындай шынайы жасауға барыңды саласың. Сенім артып, тапсырыс берген адамдардың көңілі қалмау үшін сапаға мән беремін. Кәсіпкерліктің басты құпиясы да осында сияқты. Мені үнемі отбасым қолдап, көмектесіп отырады. Ата-енем, жолдасым, балаларым, туғандарым бәрі де көмек беруіге әзір. Олардың көмегінсіз көп іске үлгере алмас едім деп ойлаймын,– дейді Жібек.IMG-20200401-WA0093
Қазір елдегі жағдай баршаға ортақ. Жұдырықтай бірігіп, осы қиын сәттен аман есен шығуды барша қазақстандық тілеп отыр. Қиындыққа қайыспай, бұл індетті де жеңеміз. Осындай шақта Жібек те тігін машинасының құлағына отырды. Бірақ бұл жолы әдеттегідей сәндік заттарды тігу үшін емес, бәрін ысырып қойып, қазір нағыз керек дүние маскаларды тігу мақсаты. Бала-шаға, отбасының тірлігінен қолы қалт еткенде маска тігіп тастайды. Оны аудандағы жағдайы төмен отбасыларға таратып бергісі келеді. Осы үшін қаладан арнайы қажетті заттарды алғызды.  IMG-20200401-WA0092
–Бұл жағдай барша қазақстандықтар үшін сын сағаты болып тұр. Президентіміз Қ.Тоқаев үйде отырып, әр ісімізге жауапкершілікпен қарауымыз керек деп тапсырып жатыр. Оның сыртында халыққа көмек болсын деп арнайы бағдарлама да құрып, оның іске асырылуын тапсырды. Мен сияқты аналар қарап отырған жоқ. Балаларының сабағын қадағалап, қолдан келсе маска тігіп беруде. Қазіргідей кезде бұл үлкен көмек. Сондықтан қиналғанға көмек қолын созып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірге болғанымыз жөн, – дейді көпбалалы ана, кәсіпкер Жібек Нұрсейітова.IMG-20200401-WA0161
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓