Байлық не істетпейді?

"Байлық, баршылық не істетпейді?" дегенді айналадағы тірліктен күн сайын көріп, естіп жүрсек те соған мән беріп, ұғына бермейміз. Негізінен біреуге бақ қонып, ауқатты өмір сүру – тағдырдың сыйы. Десек те дүние-нің мәні дәулет пен ақшада деп есептейтін даңғаза ұрпақтың өздерін ғана емес, осы "аурумен" келешек ұрпағын да улауы қасірет.
байлық
Олар үшін жылына бір рет көлік ауыстыру, Араб әмірлігі, Египет, Тайланд секілді экзотикалық елдерде демалу – үйреншікті жағдай. Кәмелеттік жасқа жетпеген балаларына жоғары оқу орнын былай қойып, мектеп шағында көлік мінгізіп, адам өміріне қауіп туғызатын жәйттері де аз емес. Оны қойып, балаларының бір жасқа толуына да, үйлену тойларына да Қазақстан эстрадасының жұлдыздарынан бөлек, шет елдің Бионс, Джениффер Лопес, Уитни Хьюстон, Кэтти Пэрри сынды әншілерін той төріне шақыру дәстүрге, сәнге айналып кетті. Бұл мегажұлдыздардың гонорары 1,5-2 млн. АҚШ долларынан кем түспейтіні алаңдатпайды да. Біреулердің күнделікті күн-көрісі қиындап, ертеңгі азығын ойлап жатса, олар бір емес бірнеше зәулім үйлер салып жатады. "Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді" деген осы. Осындай өтпелі заманда байлықтың қадірін білуге ұмтылмайтынымыз жан ауыртады. Бүгіндері шет ел түгіл, өз үйін көре алмайтын, көлік міну түгіл, қалаған уақытында анасына серік болып серуендеп те көр-меген жетім сәбилер қаншама. Ресми деректерге жүгінсек, елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 180-ге жуық балалар үйі бар. Ал, Қостанай өңірінің өзінде мұндай үйлердің саны 13-ке жетеді. Жуырда Қостанай облыстық балалар үйіне барған болатынбыз. Мұнда 157 бала тәрбиеленуде, соның ішінде 14-і қазақ баласы. Ғимараттың іші жарық, жылы. Кең асхана, спорт зал, кітапхана бар. Дегенмен, өз үйіңнің жылуына, анаңның аялы алақанына жетпейді ғой. Аталмыш үйдің тәрбиеленушісі Темірлан Зайырбаевпен танысу мүмкіндігі туды. Бізбен амандасып, салмақты, жылы жүзбен қарсы алды. Темірланның жасы он үште, биыл 6-шы сыныпты тәмамдапты. Сабағы жақсы. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқиды. Соның ішінде Абайдың, Ғафу Қайырбековтің шығармалары жанына жақын. Бізге арнайы Ғафу Қайырбековтің "Бірінші хат" өлеңін де оқып берді. Темірлан сабақтан тыс күреспен айналысады. Онымен қоса мектебіндегі көңілді тапқырлар клубының мүшесі екен. "Қандай армандарың бар?" деген сұраққа үш арманым бар деп жауап берді. Алғашқысы – әжем ешқашан ауырмасын дейді. Екінші арманы – журналист болу екен. "Себебі, журналист әдебиет пен қазақ тілін жақсы көреді. Және мен әлемді шарлағым келеді", – дейді. Үшінші арманы – еліне көмектесу. Жүрегі жұмсақ бүлдіршін, әсіресе балалар үйіне, қарт адамдарға қол ұшымды созғым келеді деп армандайды. "Бай ағалар кедейлерге, жетім балаларға кішкене қамқор болса ғой" деп сырын айтты. Айгүл Бектұрсынқызы – балалар үйінің тәрбиешісі. Топтағы қазақ балаларына қазақтың тәрбиесін, дәстүрін үйретуге бар күш-жігерін жұмсайды. "Біздің балалар үйінде небәрі 14 қазақ баласы бар. Сол 14 қара домалақтарға қол ұшын созатын қа-зақ қандастарымыз саусақпен санарлық. Олар да қатарластарынан қалмай жақсы киім киіп, қалаған тамақтарын жеп, жақсы уақыт өткізгілері келеді емес пе? Кейде балалар өздерін кем санап, киімдері үшін қысылып, қалаға шығуға намыстанады, ұялады. Осындай сәттерде жаным ауырады", – деп көңілде-гісін айтты. Айгүл Бектұрсынқызы қазақ балаларын ертіп осы аптада 3-ші мәрте Заречный елді мекеніндегі ипподромға апаруға ниетті. Мақсаты – балаларды аттың түрлерімен таныс-тыру, ат жарысты көрсетіп, оны насихаттау. Жанашыр тәрбие-шінің келесі бір арманы – балаларға Астанамызды көрсету. Еліміздің бас қаласын өз көздерімен көріп, сезініп қайтуларын қалайды. Балалардың осы қуанышына себепші болатын жанашыр жандар болса ғой… Мұндай балалар 9-шы сынып аяқтағаннан кейін өз жолымен кете барады. Көбісінің болашағы бұлыңғыр. Себебі, олар замандастары қатарлы жоғары оқу орындарында оқуға мүмкін-дігі жоқ. Осылайша амалсыздан асқақ армандары үзіліп, қара жұмыстың етегінде кете барады.. Ысырапшылыққа бой алдырмай, мейірімді жандардың көмегіне үміт еткен, көздері жасаураған жетімдердің сауабына жетуді мұрат еткенге не жетсін. Байлықты да, баршылықты да ақылға салып жұмсаса дейсің.
 
Салтанат ГИЗАТ,
Сүлейман Демирел атындағы университеттің 3 курс студенті.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓