Ел анасы
немесе Кәмәл Дүтпаеваның шежірелі ғұмыры…
Бүгінде ауданымыздың Севастопол ауылында соғыс жылдары майдан үшін маңдай терін төккен кейуана тұрады. Жақында ол торқалы тоқсан жасқа толды. Туған күн иесін жанына желеу болған ет-жақындары, ұл-қыздары, немере, шөберелері, ауылдағы ағайын, одан қалды округ әкімі бастаған топ құттықтап, тіпті балаларға дейін барып, мерекелік концерт ұйымдастырды.
Бұл күн ақжаулықты ана үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Қуаныштан төбесі көкке екі елі жетпей қалған әжейдің жүзі жайнап, езуіне күлкі үйірілді. Тек 90 жасқа толғанына емес, елдің елеп, ескеріп келіп жатқанына көңілі марқайды.
Кәмәл Дүтпаеваның өткен өмірі небір қиыншылыққа тап келді. Ашаршылық жылдары алты жаста, ал ІІ Дүниежүзілік соғыс басталған шақта он алтыда болыпты. «Мен, 1925 жылы Қарашілікте тудым. Өмірім ел басына күн туған кезеңдермен тұспа-тұс келді. Үйде төрт жан болдық, бір бауырым және ата-анам. Ауылымнан қырық шақырым қашықтықта жатқан Қара-Обаға жаяу қатынап оқыдым. Өзім жеті-ақ сыныпты бітірдім. Себебі, соғыс басталып, тылда еңбек еттік. Қырманшыларға көмектестік. Қанды қырғын кезінде қолғап, байпақ тоқып, киім-кешектер тігіп майдандағыларға жіберіп отырдық. Біз істемеген жұмыс жоқ қой, қарағым.
Менің жалғыз ағам майдан даласынан оралмады, әлі күнге дейін іс-түссіз. Әкем де ерте қайтып, анам екеуіміз қалдық. Содан қырық бесінші жылы жаңа өмірге аяқ басып, Малбақ деген кісімен шаңырақ құрдым, – деп әңгімесін әріден бастады асыл әжей.
Құдай қосқан қосағы – Малбақ Дүтпаев Отан соғысының оқ бораған даласында ерліктің үлгісін көрсетті. Сталинград түбінде болып, адамзат тарихында өшпес із қалдырған сұрапыл соғыстан аман-есен елге оралды. Гвардия аға лейтенаты шенін алды. Ауылда ауылнай болған, елге бір кісідей еңбек еткен жан. Алайда, қан майданда елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, қараниет жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгер ерте дүние салды. Марқұм күйеуі жайлы әжей естеліктерімен былайша бөлісті. – Жұбайым Малбақ бейбіт өмір үшін, болашақ ұрпақтың қамы үшін отқа түсті, қайғы-қасірет шекті, адам төзбес ауыртпалық көрді. Үш жыл госпительде жатты. Сонда жарықтықтың ғұмырын жиырма бес жылға ұзарту үшін ота жасаған екен. Мен, жұбайыммен жиырма екі-ақ жыл тұрдым. Ол елу екі жасында дүниеден өткенде, мен қырық екі жаста болатынмын. Бірақ жұбайым кетерінде: -Балаларды жеткіз деп аманаттап, сен жыласаң олардың жағдайы не болады, – деп айтқаны әлі күнге дейін есімде.
Амангелді Бисенов, кейуананың күйеу баласы: – Анамыз жайында айтар болсам, оның жолдасы яғни, біздің әкеміз соғысқа қатысқан. Соның тартқан зардабынан 52 жасында қайтты. Содан бері анамыз еселі еңбек етіп, балаларды өзі өсіріп, бәріне жоғарғы білім алып берді. Қысқасы, қаршадайынан осы елге қызмет еткен адам ғой. Еңбекқор болғандығы соншалық, тоқсанға келсе де әлі мал жайлайды. Балаларына, келіндеріне, ұрпақтарына тәлім-тәрбие беруден танған емес. Тек әулеттің ғана емес, осы елдің ұйытқысы, орысы да, басқасы да осы кісіден ақыл-кеңес сұрайды. Тіпті, ауылдықтар бұл кісіні "Ел анасы" деп атайды, – деді.
Иә, ана демекші, ардақты ана атану, өмірге қайта-қайта перзент әкелу әркімдердің қолынан келе берейтін іс. Ештеңеден қорықпай-ақ құрсағына сегіз бала сыйдырған Кәмәл ападай батыр анадан балаларыңызды қалай жалғыз жетілдірдіңіз деп сұрағанда: – Алла тағала әр баланы өз несібесімен береді. Бала деген таптырмайтын Алланың берген байлығы, – деп қысқа қайырды.
Кәмәл әжей ағайынға сыйлы болған, ешкімнің ала жібін аттамаған жан. Балаларын бақытым деп білген алтын құрсақты ана ұл-қыздарын саналы тәрбиемен қанаттандырған. Ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырды. «Құдай өзі бергенді өзі алады» демекші, төрт баласы дүние салды. Жалпы, бүгінде 18 немере, 19 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған жайы бар.
Айта берсең тыл еңбеккерінің шежірелі ғұмыры ұлағатқа толы. Соғыс жылдары тыным көрмей, Жеңіс үшін жатпай-тұрмай еңбек етті. Сол еңбегінің еш кетпегендігін «Жеңістің 20, 50, 60, 65 жылдығы», «Тың игергені үшін» сынды кеудесіне ілінген төсбелгілері айқын дәлелдеп тұрғандай.
Тоқсанға толса да тұла бойынан нұр төгілген ақжаулықты әжей, бүгінде тың, ұсақ-түйек тірлікті өзі-ақ атқара береді. Асқа да тәбеті тәуір. Бұл жаста әлдекімдер әрең қимылдап, төсекке таңылып жатса, әжей ара-тұра жаттығулар жасап, денсаулығын күтеді.
Бүгінгі таңда зейнеттің бағындағы бақытты жан Кәмәл әжейдің бар байлығы, абыройы –немере, шөбере, шөпшегі. Бүкіл әулеттің, елдің ұйытқысы болып, ұрпақтарының, елінің, жерінің амандығын тілеп отыр. «Қайын ененің топырағынан…» дегендей, келіндері де көпке сыйлы. Егер, әжейдің жұбайы тірі болғанда отасқандарына биыл 70 жыл толады екен.
-Наурыз – қазақтың жаңа жылы. Қазір де ертедегідей киіз үй тігіп, қарсы алады. Қазақтың ғұрпы қайта оралды. Ұлы күні құтты болсын! Ақ мол мол болсын! Патшамызға таупиық берсін! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман бола берсін – деп ақ тілегін ақтарды ақжаулықты әжей.
«Бәрін айт та, бірін айт» – демекші, ел анасына айналған Кәмәл әжейдің шежірелі ғұмыры бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.