От бүркіген, оқ мүңкіген он жыл

15 ақпан – кеңес әскерінің Ауғанстан шекарасынан шығарылған күні. Биыл осы оқиғаға 34 жыл толып отыр. Он жылға, 110 айға ұласқан қанқұйлы соғыста қаншама қазақстандық азамат от пен оқтың ортасына түсті. Ұрыс даласында шейіт болған боздақтар қаншама. Ал елге есен-сау оралған сол кездегі жас сарбаздар бүгінде ардақ тұтар ардагерлерге айналды…
Тарих бетіне тыртық салған осы бір ойранның, сұрапыл соғыстың аяқталған күні әр жыл сайын әр өңірде тағзым ету іс-шаралары өтеді. Қостанайлық ардагерлер биыл да ескерткіш түбіне жиналып, митинг ұйымдастырды. Бірі марқұм майдандастарын, енді бірі ерлікпен қаза тапқан аға-бауырларын еске алды. Тарих тақсіреті жадыда жаңғырық беріп, кешегі жауынгер, бүгінгі ардагерлер көздеріне жас алып, тас мүсін түбіне тағзым гүлін қою рәсімі жасалды. Митингке қатысушылар қатарында Шекара ардагерлері кеңесі, Әуе-десант әскерилері бауырластығы, Таулы Қарабах қозғалысының ардагерлері мен мүгедектері одағының мүшелері қатысты. Осы іс-шараның бел ортасында жүргендердің бірі – Таулы Қарабах соғысының ардагері Батырхан Амандосов. Ол бүгін Ауған соғысына қатысқан туған ағасының рухына тағзым етуді мақсат тұтқанын айтады. 
"Ағам Бауыржан Амандосов ауған соғысына қатысушылар тізіміне қосылған соң 1975 жылы Қырғызстанның Ош қаласына тасталыпты. Әйгілі "Памир маршы" туралы естулеріңіз бар шығар: кеңес әскерінің қарулы техникасын майдан даласын төтелей өткізуге Памир тауы бөгет болып, ішінде ағам бар әскер Ауғанстанның Файзабад қаласына дейін 1200 шақырымды жаяу жүріп өткен. Алғы рота дұшмандар шебін бұзып өтіп, арттағы роталар олардың шабуылдарына тойтарыс жасай отырып, күйрете соққы берген. Талай сұрапыл-сұмдықты көрген сол ағам әскерден аман-сау үйге оралды. Өзім таулы Қарабахта соғыстым. Ол да өз алдына бөлек хикая…", – дейді Батырхан Амандосов.
Бір үйдің екі азаматының маңдайына екі түрлі соғысқа қатысу тағдыры жазылыпты. Әйткенмен, қос бауырға да зұлмат ішінен есен шығу бақыты бұйырған. Тек ағасы 1994 жылы дүниеден озған екен. Қазір жігіт ағасы Батырханның өзі Таулы Қарабах қозғалысының ардагерлері мен мүгедектері одағының облыстық филиалында төраға қызметін атқарады.
"Біз әрбір сұм соғысты алаламай, ардагерлер ұйымдары өзара ұжымдасып, үнемі тағзым іс-шараларын өткізіп тұрамыз. Бейбіт күннің қадірін түсіну үшін от кешкен батырларымызды өскелең ұрпаққа насихаттау керек. Ерлік ешқашан ұмытылмауы тиіс", – дейді ол.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓