Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жазаға тартылды
Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қоғамда дүрбелең тудырған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімін жариялады деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Қылмыстық топ құрамына ағайынды 1979 жылы туған Ж.Таңатқанов пен 1977 жылғы М.Таңатқанов, сонымен қатар 1964 ж.т. Ж.Шагвалеева, 1984 ж.т. З.Бермагамбетова, 1981 ж.т. А.Құсайнова, 1958 ж.т. Б.Евлоев, 1986 ж.т. С.Күлболова, 1979 ж.т. Ж.Андамасов, 1959 ж.т. С.Безгунов, Д.Ленинг, 1967 ж.т. Б.Шаповалов кірген.
Оның белсенді мүшесі 1975 ж.т. Д.Ленинг аталған соттың 2010 жылғы үкімімен алаяқтық үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленген болатын. Бірақ темір тордың ар жағында өмір оны дұрыс жолға салмаса керек.
Нақтырақ тоқталатын болсақ, Таңатқановтар 2004 жылы құрған ұйымдасқан қылмыстық топты 2014 жылға дейін басқарған. Он жыл ішінде топ мүшелері Қостанай қаласы аумағында бірнеше қайта заңсыз пәтерлерді меншіктеуге байланысты бірқатар ауыр қылмыстар жасаған. Қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру үшін 2004 жылы Таңатқановтар Қостанай облысы аумағындағы әлеуметтік тұрғыдан бейімделмеген тұлғалардың пәтерлері мен зейнетақы шоттары туралы ақпарат алудың бекем көзін ұйымдастырған. Олар мүгедектер, балалар үйінің түлектері, жүйке ауруына шалдыққандар мен ішімдікке салынғандар.
Қылмыстық жолмен байымақ мақсатында қылмыстық топқа қатысушылар алдау, қорлық-зорлық жасау, психолгиялық қысым көрсету, пәтерге меншік құқығын растайтын құжаттарды ұрлау немесе жалған құжат дайындау, заңсыз бостандығынан айыру сынды түрлі әрекеттерге барған. Көп эпизодты қылмыстық іс 42 томды құрады. Іс бойынша 25 жәбірленуші бар.
Сот үкімімен Ж.Таңатқановқа 6 жыл, М.Таңатқановқа 5,5 жыл қатаң тәртіптегі түзету колониясында бас бостандығанан айыру жазасы тағайындалды. Ж.Шагвалеева 4 жылға қатаң тәртіптегі түзеу колониясында бас бостандығынан айырылды. Күлболова мен Құсайнова балалары 14 жасқа толғанға дейін жазаны өтеуді кейінге шегіндірумен 4 жылға сотталды. Андамасов, Шаповалов, Евлоев екі жыл бас бостандығын шектеу жазаларын алды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Махаббат Бекбай