«Менің Қазақстаным» пойызы Рудный қаласымен өтеді
Көкшетау қаласынан шыққан пойыз Қостанай облысының кеншілер қаласы арқылы өтіп, батыста Атырау, Маңғыстауға ат басын тірейді. Одан кейін Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Алматы облыстарында болады. Аягөз, Семейден Лениногорск станциясына дейін жетеді. Семей, Екібастұз, Қарағанды қалаларынан кейін Астанға қайтып оралады. Сөйтіп 30 күнде 29 елді-мекенді аралап шықпақ.
«Менің Қазақстаным» пойызының қатысушылар құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары, этномәдени бірлестіктер жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғалымдар кіреді. Сонымен қоса әншілер концерттік бағдарламаларын ұсынады, заңгерлер мен құзырлы органдар қызметкерлері кәсіпкерлікті қолдау мәселелері бойынша кеңес береді. Ел аралауға шыққан аталмыш пойыз құрамы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ерекше көңіл бөлмек. Айта кету керек, тағы да екі пойыз жолға шығып, шалғайда жатқан аудандарға барып, медициналық көмек пен кеңес береді.