Ауыл поштасы. Оның жыры қашан бітеді?

20141103_151339 чбТаяуда редакциямызға іргедегі Жамбыл ауылындағы оқырмандарымыз хабарласып, газеттің уақытында жеткізілмей  жатқандығын айтып мұң шаққан-ды. Мұндай жайтқа бей-жай қарай алмайтын басымыз әлгі ауылға барып, мәселенің мәнісін аңдап қайттық. "Бақсақ бақа екен" дегендей, алдымен ауыл әкімі Мейрам Қосқадамовқа жолықтық.
– Бұл мәселе күні кеше сіздер хабарласқаннан кейін ғана шешілді. Себебі де анық. Бұған дейін бұл қызметте жүрген ауылдасымыз Динара Лекерова табан аудармай 5 жылдан артық жұмыс істеді. Жалақысының аздығы, одан қалды жағдайының ауырлығынан қазір бас тартып отыр. Оның бұнысын әбден түсінуге болады. Кім бүгін аз еңбекақыға жұмыс істегісі келеді, – деп пош-ташы қызметшінің хал-ахуалын әңгімелеп берді ауыл әкімі.
– Түсінікті. Егер мүмкіншілік болса, сол кісінің өзін тыңдауға бола ма? – дедім Мейрам Тар-ғынбайұлына қарап.
– Әрине, жаңа ғана ол кісі келіп кеткен. Тағы бір айтарлығы, ол жергілікті халықтың барлық төлемдеріне де жауапты. Мәселен ауыл тұрғындарының газ, телефон, зейнетақы, несие сияқты азды-көпті қаражаттарын жинайды, – деді сәл аялдап.
Содан соң ұялы телефонына үңіліп, пошташы Динара Лекерованың нөмірін терді де аз-маз сөйлесіп, біздің қандай шаруамен кеп отырғанымызды түсіндірді.
20141103_151409 чбСөйткенше болмай, пошташы апайдың өзі де кеңсеге кіріп келді. Танысып, біліскеннен кейін мәселенің мән жайын сұрап білдік.
– Мейрам Тарғынбайұлы жаңа ғана Сіздің бұл қызметтен неге кететіндігіңізді әңгімелеп берді. Әрине, еңбекақының аздығы, жағдайыңыздың ауырлығы… Оны жақсы түсінеміз, – дедім.
– Иә, ол рас. Жұртқа газет тарату өз алдына, зейнетақысы мен несиесі, басқа да төлемдерін жинаған шақта қиындықтар бастан өтті. Ит қауып ала жаздаған кезді де көрдік қой. Менің бір түсінбейтінім – осы қиын қызметке неге ақша аз бөлінеді екен? Біздің еңбек соған татымайды ма? "Самұрық Қазына" сияқты елдің білдей бір ұлттық кәсіпкерлік қорының ішіндегі "Қазпошта" АҚ-ның осы жайтқа немқұрайлы қарайтыны көңіл абыржытады,– деді пұшайман кейіппен Динара Жолтайқызы.
Айтуы орынды. Ана бір жылдары бұл түйткіл БАҚ-да кеңінен көтерілген-ді. Бірақ оған тұщымды жауап болмады. Абай атамыздың Сегіз аяғындағы:
"…Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Есітіп үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып..
Баяғы жартас – бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас",
– дегеннің кебін кидік. Біз ауылдағы жайтты шолып қарағаннан кейін аудандық пошта бөлімшесіне барып, басшысы Сейілжан Орынтаевты сөзге тарттық. Ол бұл мәселе тек Қостанай ауданында ғана емес, еліміздің барлық жерінде бар екенін айтты. Қазір жоғарыдағылар мұны бірыңғайлап жатқан көрінеді.
– Мен Динара Лекерованың және басқаларының жағдайын жақсы түсінемін. Айлығы 25 мың теңге, тіпті, олардың шайлығына да жетпейді. Бірақ ол кісі мойымай жергілікті халық үшін 5 жылдай  тер төкті. Қазір Жамбылдағы Сіз айтқан мәселе тұрақтанды. Пошташы келісім-шартпен жұмыс істеп отыр. Орнына басқа адамды таппайынша істей тұрады,– деді Сейілжан Сейілханұлы.
– Әлгінде өзіңіз айтқандай, "жоғарыдағылар бірыңғайлап жатыр" деген әңгімені таратып берсеңіз, – дедім.
– Сәтін салса, келер жылдан бастап облыс, аудан, ауыл әкімдіктерімен біздер поштаның осы мәндегі қызметін шағын бизнес өкілдеріне беріп, келісім-шартпен жұмыс істемекшіміз. Яғни, жергілікті жердегі дүкені, шаруашылығы барларымен келі-сімге келіп, барлық төлемдер мен газет тарату қызметтерін бірлесе атқаратын боламыз. Бұл бізге көп тиімді әрі қызметшілерімізді әуре-сарсаңға салмаймыз. Қостанай ауданындағы Жамбыл ауылы ғана емес, барлық ауыл әкімдері пошташының қызметіне құрметпен қарап, тіпті, қолдан келгендерінше көмектерін көрсетіп бағуда. Оларға алғысымыз шексіз, – деді.
Осы әңгімеден кейін біз Динара Лекерова сияқты пошташы қызметкерлердің жұмысы біраз жеңілдеп қалатынын ұқтық. Бірақ, биліктің неліктен ауылдағы пошташыларға немқұрайлы қарайтыны түсініксіз. 
Нұрболат
        МЕШІТБАЕВ
СуреттеРДЕ: ауыл әкімі Мейрам Қосқадамов пен пошташы Динара Лекерова.
Суреттерді түсірген автор.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓