Наурыз думан әр ауылда
Ұлтымыздың мерейін өсіретін, дәстүр-ғұрпымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі әр қала мен ауданда, шалғай ауылдарда тойланды. Ұлыстың Ұлы күні Амангелді ауданы, Байғабыл ауылында да дүркіреп өтті.
Таң атысымен ұлттық киім киген жаршы жастар атқа мініп, көше жағалап, халықты тойға шақырды. Орталыққа жиылған қария-қартаңдар төс қағыстырып, амандық-саулық сұрасумен бастады. Ауыл әкімі Д.Т.Тоқтаров жиылған жұртты ұлттық мейраммен құттықтады. Ақ жаулықты әжелеріміз бен аналарымыз шашу шашты. Күй тартылып, әсем әндер де шырқалды. Ұлттық тағам түрлерінен ұйымдастырылған жәрмеңкеден халық дәм татып, наурыз көжеден ауыз тиді. Киіз үйлерде берілген қонақасы дастарханы да ұлттық тағамдарға толы болды. Делебесі қозған жастар тобы ат жарысты бастады. Білегі күштілер аударыспаққа шықты. Спорттың арқан тартыс, қол күрес, кір тасын көтеру секілді түрлерінен жарыс өткізілді. Кез келген қазақ тойы қазақ күресінсіз өтпейтіні анық. «Түйе палуан» тағын Ғизат Шакиев жеңіп алды.
– Рас, биылғы наурыз тойы ерекше тойланып жатыр. Халық та көп жиылды. Спорт түрлерінен өткен жарыстар да қызықты өтті. Әсіресе ат жарысындағы талас-тартысқа, жастардың шеберлігіне дүйім жұрт риза болды. Әрдайым халқымыз аман, салт-дәстүрлеріміз жаңғыра берсін, – деп тілек білдірді ауыл тұрғыны Нұрболат Мүтәліпов.
Көкпар, теңге алу сынды ұлттық спорт түрлері ойналып, қариялар батасын берді. Көне салт – дәстүрлер мен әдет – ғұрыптарды дәріптейтін бұл мерекеге жиналған халықтың көңіл- күйі көтеріңкі болды. Жұрт арқа-жарқа тарасып жатты.
Қасқырбай Қойшыманов