Арман деген не өзі?
Армансыз адам болмайтын шығар. Бір арманыңа қолың жетсе, екіншісін орындауға талпынасың, одан үшіншісі, төртінші деп кете береді. Шетсіз, шексіз. Адамды алға жетелейтін, қанаттандыратын да сол арман. Ертеде бір жігіт «Арман деген не?» -деп қариядан сұраған көрінеді. Әлгі қария «Арман дегеніміз ақыл-ойдың шындығы. Құс ұшсам дейді, бала-өссем дейді, қарт-жүзге жетсем дейді, ұстаз-шәкіртіне үлгі болсам дейді. Арманына адаспаған жетеді, адасқан арманына жете алмайды. Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді,-деп жауап беріпті. Сіздің бала күнгі арманыңыз қандай еді? Есіңізде ме? Ендеше, еске түсіріңізші.
Мақаламыздың бүгінгі кейіпкері Дарина Нұрсұлтанова. Ол бала кезінен сән саласына қызығып өсіпті. Киім-кешек үлгісін жасау сияқты шығармашылық жұмыспен айналысуды армандаған. Сондықтан бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде балалардың дизайнерлік студиясына өзі барып, жазылған.
-Менің бала күнгі арманым сәнгер болу. Бұл салаға қатты қызықтым. Дизайнерлік студияда оқып жүріп алғаш рет сәннің шығу тарихымен таныстым. Сән көрсетілімдері мен стиль туралы хабардар болдым. Бірнеше байқауға қатысып, өзімнің үлгім бойынша тіккен киімдерді ұсындым. Кейін қаладағы «Sultan-San Bell» модельдік агенттігінде оқып, оны табысты аяқтадым. Тігіншілік бойынша кәсіби білімім жоқ. Ол қасиет маған анамнан берілген. Ал анама әжемнен берілген талант,-деді Дарина.
Өмір деген асау толқын. Қалауыңды оңайлықпен орындай қоймайды. Кейіпкеріміз мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсерде «экономист» мамандығын таңдапты. Бірнеше жыл мемлекеттік қызметте, жеке компанияларда жұмыс істеген. Бірақ, іштегі ой бала күнгі арманын орындауға үндейді. Осылайша, мамандығы бойынша істеп жүрген жұмысынан шығып, өмір жолын басқа арнаға бұрады. «Бастау бизнес» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқып, грантқа ие болыпты. Жарты миллион теңгеге тігін машинасы мен ательеге қажетті жабдықтарды алған.
– Мен көп ойланып, тәуекелге бел будым. Алғашқы қадамды жасау қиын. Еңбектенсең мұратыңа жетесің. Бүгінде менің жеке ательем бар. Оны өзімнің есіміммен «DARINA» деп атадым. Тігін және қолөнермен айналысамын. Тапсырыс берушілердің дене тұрқына сай келетін, үйлесімді киім үлгісі мен сапалы мата таңдауға көмектесемін. Анам мені қолдап, шығармашылық жұмыстарыма бағыт-бағдарын беріп отырады. Сол үшін де ризамын,-деді Дарина.
Дарина Нұрсұлтанованың шығармашылық ательесі карантин режимінде табысты еңбек етіп жатыр. Тапсырыс берушілердің саны көбеймесе, азаймапты. Күнделікті тұрмысқа қажетті киім-кешектен бастап, той көйлектері мен сыртқы киімдерді, этно стильдегі қазақтың ұлттық киімдерін тігеді. Болашақта ательенің жұмысын кеңейту жоспарда бар екен.
Арман адамды адастырмайды деп осындайда айтса керек. Кейіпкеріміздің талпынысына бәрекелді дейміз. Ал сіздің арманыңыз орындалды ма?..
Суретте Дарина Нұрсұлтанова өзінің шығармашылық ательесінде.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.