РУДНЫЙДА «ҚОЛЫ АЛТЫН» ЗАҒИП ЖАН ӨМІР СҮРЕДІ
Қоғамға пайдалы азамат болу. Осы мақсатты көздеп Балдырған Ыдырысова Рудныйлық ерікті мүгедектер қоғамына келген болатын. Бірлестік оның бастамаларын қолдап, ойлағанын жүзеге асыруға барлық мүмкіндікті берді. Бүгінде қос жанарынан айырылған І топ мүгедегі массаж жасаудың хас шебері.
Балдырған Ыдырысовтың өміріне сызат түсірген оқиға осыдан 20 жыл бұрын орын алды. Кейіпкеріміздің күрделі сырқаттан кейін көз торы қабаттанып, бір демде көруден қалады. Алматыда жасалған ота еш нәтижесін бермеді. Алайда талшыбықтай нәзік қыз тағдырға еш мойымады. Жылдар озып қараңғылыққа еті үйренген Балдырған қоғамнан өз орнын табуды армандады. Осылайша оның арманға деген алғашқы қадамы массаж курстары болды.
– Елбасының тікелей қолдауымен былтырдан бастап мүгедектердің жағдайы біраз түзелді. Мен де қарап отырмай массаж курстарын меңгеру үшін Қаскелең қаласына аттандым. Онда кәсіби курстарды сәтті тәмамдап, сертификат алған соң жеңді тұрып жұмыс іздедім. Осы тұста екі қолға бір күрек табуыма қалалық мүгедектер қоғамының жетекшісі Санаш Есжанов көмек берді, – дейді ол.
Санаш Сағындықұлы массаж маманына деген сұранысты ескеріп, оны өз қамқорлығына алуды шешті. Балдырғанға жайлы да кең бөлме үлестіріп, барлық жағдайды да жасап берді. Осылайша көп ұзамай қала тұрғындары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетуге кірісіп кетті. Санаш Есжановтың айтуынша, мүгедектердің басым бөлігі мемлекет беретін жәрдемақыға қарап отыр. Олар өздерін қоғамға пайдасыз сезінеді. Алайда Балдырғанның өмірге, адамдарға жақсылық жасауға деген ұмтылысы көпшілікке үлгі болса екен дейді ол. Жуырда «Даму-Көмек» қоры оған массажға арналған тақтай-төсек табыстады.
– Өткен жылдың соңында осы жабдықты сұрап қордың көмегіне жүгінген болатынмын. Алайда бұл өтінішім аз уақытта орындалады деп ойламадым. Атын атамауды өтінген Қостанайдың кәсіпкері мен «Даму» қорына алғысым шексіз, – дейді Балдырған Хамитқызы.
Маман массаж техникасының түр-түрін меңгерген. Атап айтсақ, емдік, спорттық, косметикалық, гигиеналық және тағысын тағылары. Емдік массаж түріне жататын мануалдық терапия, әсіресе, аз қозғалатын адамдарға пайдасы зор. Балдырған көзі көрмегенімен сезімталдық қасиеті жақсы дамығанын айтады. Сылап-сипалау кезіндегі оның қимылы ширақ, әрі ауырған жерді дөп басады. Содан болар келушілер сеанстан кейін өздерін өмірге жаңа келгендей сергек сезінеді.
-Күні бойы арбаға таңылып отырғандықтан мойныма жасалған массаждан кейін босаңсып қалдым. Маған қатты ұнады. Қолы дерт көрмесін, – дейді Руслан Байғарин.
Балдырған көзі көрмесе де, бөлмелердің арасын қадаммен өлшеп, қай жерде не тұрғанын жақсы біледі. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін оның алақанынан ем іздеп келуде. Кейіпкеріміздің ендігі арманы – жарық дүниені көру. «Бұл арманым орындалса, халқыма бұдан да көп пайдамды тигізер едім», – дейді ол.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ