Аяз ата төрге озды, Қыдыр баба қайда жүр?

Қазақтың жыл санауында күн мен түннің теңелер тұсы, 22 наурыз жыл басы болып есептеледі. Ұзынның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген шағын, жер-ана қалың қардан бусанып, мал төлдеп, дала төсі түрленіп, жаңарған мезгілді Жаңа жыл деуіміз дұрыс та. Алайда, төл жаңа жылымызды Григориян күнтізбесіндегі желтоқсанның 31-і алмастырып алғандай. Оған дәлел, қыс ортасында «жаңа жыл келді» деп бөркімізді аспанға атып тойлаймыз. Осы орайда тамыры тереңде жатқан әз-Наурызды қазақтың жаңа жылы деп ерекше мерекелейтін отбасы бар. Ол белгілі ақын Ақылбек Шаяхметтің отбасы. Ақын ағамыз төл мейрамды бала-шағасымен бір дастархан басына жиналып мерекелейді. Осы орайда ақын ағамыздың Наурыз туралы ой-пікірін білген едік.  Встречаем Наурыз(1)
-Ақылбек Қожаұлы, биыл қой жылы. Бірақ, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында ешкі жылы деп жазылып жүр. Бұған не дейсіз?
  –Қазақша жыл атауындағы әр мүшелде бір оралып келетін жыл аттарын әр халық өздерінше өзгертіп алғанға ұқсайды. Мәселен, күллі Еуропа сиыр жылын бұқа, тауық жылын қораз, доңыз жылын қабан деп атайды. Ұрғашы жануарларды еркекке айналдырғанда не ұтатынын білмеймін. Қазақтың ұғымында сиыр жылы құтты, сүтті болса, бұқа туралы олай айту қиын ғой. Қораздың да құр қоқиланғаны болмаса, жұмыртқа табатын тауық емес пе? Сондай-ақ қой жылын ешкі жылы дегенді де қазаққа түсіну қиын. Әрине, ешкінің де балдай сүті, тамаша түбіті бар. Бірақ, қой жәннаттың малы. Ұлу жылын қытайлар айдаҺар жылы деп санайды. Олардың ұғымында айдаһар қасиетті. Қоян жылын мысыққа, тышқан жылын егеуқұйрыққа айналдырып алған ұлттар да бар. Қоян  жылын үй қояны дейтіндер де кездеседі. Барыс жылы көп жерде жолбарыс жылы деп айтылады. Мешін жылын маймыл жылы деп атайтындар да бар. Тек ит пен жылқының және жыланның  атауы өзгеріске ұшырамаған. Қалай болған күнде де қазақтың жыл санауы  ата-баба дәстүрінен тамыр тартады.
Биылғы жыл Қой жылы. Қазақ «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын  заман» деп көп үміт күтетін жыл.
-Қазақтың төл жаңа жылының артықшылығы қандай?
– Басқалар ағаштың жанын қинап, жас өскінді кесіп, қиып, үйіне шырша орнатып жатса, ата-бабамыз Наурыз айында көшеттер отырғызған. Қыста су қатып жатса, бітеліп қалған бұлақ көздері жазда ашылған. Қысқы қалың киім сыпырылып, жаңа киім-кешек киілген.
Көне орыс жерінің өзінде  христиан дінін қабылдағанға дейін Жаңа жылды наурыз айының бірінен бастап тойлаған. Ағылшындар наурыздың жиырма бесін жаңа жылдың алғашқы күні деп есептеген.
Жердің беті  жасарып, мал көкке шығып, тіршілік жайнап, қан қайнап, төлдер тойынып, қыз-бозбала әзілдескен кез, күн менен түн теңескен, жасы үлкендер кеңескен, балалардың айдарынан жел ескен кез – қасиетті  Наурыз, міне, нағыз жыл басы.Біз болсақ, кешегі Совет империясының идеологиясынан, тіпті оған дейінгі ақ патшаның отарлаушылық идеологиясынан әлі арыла алмай келеміз. Ата заңымызда зайырлы мемлекет деп жазылғандықтан ешқандай діни артықшылықтарға жол берілмеуі керек десек те, осы уақытқа дейін тойлап келген жаңа жылымыз діні басқалардың кәдімгі Рождество мейрамы. Санта Клаус немес Дед Мороз дегеніміз, турасын айтсақ, мейірімді Аяз ата емес, қаҺарлы қыстың қатал бейнесі.
Өздеріңіз ақылға салып көріңіздерші, жаңа жыл дегенде күнтізбедегі қаңтардың алғашқы күнінен басқа жаңа зат бар ма?! Қар да жаңа жаумаған, желтоқсаннан қалған. «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай. Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» дегендей, қыстың да нақты белгіленген шекарасы жоқ. Наурызға келсек, барлығы жаңа. Ақ уыз, жас төл, көк шөп, жас арман, жаңа тілек.
-«Анасына баласы опа бермей,
Сәби өсті бір жөнді ата көрмей,
Аяз ата жүргенде тост көтеріп,
Қыдыр бабам кетті ме бата бермей» –  деп басталатын өлеңіңіз бар. Яғни, балалар Қыдыр атадан бұрын Аяз атаны біледі дейсіз ғой. 
-Аяз ата қазақ баласына ата болуға жарамайды. Ата болып та жарытпайды. Қазақта Қаңбақ шал деген  кейiпкер бар. Сондықтан Аязды  атымен атап, Аяз шал деген орынды. Қазақ баласының атасы Қыдыр ата болуы керек.
Тост дегеннен шығады, шампан ұрттамасақ, тілегіміз орындалмай қалатындай, стақан түйістірмессек, жолымыз болмайтындай, жаттан жұққан жаман әдет дәстүрге айналып кетті. Қазақ сөздерінің төркініне зер салсақ, тост деген сөздің түбірі тосу.Ақ дәмімді алдыңа тостым дегенді білдіреді. Тіпті тостаған деген атаудың өзі осы сөзден шыққан. Кейін барып стақан деп өзгеріске ұшырап, өзге тілдерге енген. Келген қонақты қарсы алып, тостағанмен қымыз ұсыну ежелгі түркі елінен, көшпелілерден қалған дәстүр.
Ыбырай Алтынсарин: «Жөн бiлмеген адамға Қыдыр ата дарымас» – деп тегiн айтпаған. Қазақ «Қырықтың бірі – Қыдыр» дейді.  Қыдыр атаның етегіне түскен ұзын шапаны, салбыраған сақалы, иығында қоржыны бар деп ойлауға болмайды. Кейбір үйлерге сол кейіпте келуі де мүмкін. Енді бір үйлерге Қожанасыр болып келе ме, Алдаркөсе болып келе ме,әлде басқа кейіпке кіре ме, ол жағын үйдегілер байқамай қалуы да мүмкін. Сондықтан да ақсақалдар бата бергенде ең алдымен ауызға оралатын сөз саптауларда: «Бақ қонсын, Қыдыр дарысын!» – деген тілек айтылады.    
Қыдырдың түп-төркіні  қадір немесе Қыдыр деген сөзден шыққан болуы керек деп топшылаймын. Қадір болса, қадірлі, құрметті деген сөз. Қыдыр болса – қыдырып жүреді дегені. Қыдырғанда да Қыдыр кез келген, көрінген үйге бас сұға бермейді. Дастарханы баталы, шаңырағы аталы, негізді де некелі, жеті атасы жетелі, үй иесі орнықты, келіншегі ұқыпты, бала-шағасы құйма құлақ отауларға кіреді. Төріне шығып, малдасын құрып отырып, дәмін татады, батасын береді.Қыдыр баба  кейбір үйлердің иелерін сынау мақсатында мүсәпір болып келуі де мүмкін. «Мүсәпірді жәбірлеме!» – деп жатады. Қазақта «Үйден қырық адым аттап шықсаң-мүсәпірсің» – деген сөз де бар. Бізбен түбі бір түріктер қонақты, яғни мейманды мүсәпір дейді екен. Ыстамбұл қаласында «Мүсәпір» деп аталатын қонақ үйі де бар.
Шық бермес Шығайбайды алдап соққан Алдаркөсе бейнесі осы заманғы ертегілердің жанында солғын тартып қалды. Өйткені, қазіргі уақытта ертегі туралы бала ұғымы өзгеріп кетті. Балаларды көшеде де, мектепте де кішкентайынан өтірікке үйретіп жатырмыз. Қазаққа байды алдап үйренген Алдаркөседен көрі кімді көрсе де мақтайтын және сый-сияпат үлестіретін Аяз шал әлдеқайда жақын болып шықты.
Мәселен, жаңа жылдық ертегілерді алайық. Әр үйге Аяз ата келеді. Жай келмейді, балалар жазған хатта айтылған, олар қалаған сыйлықтарды алып келеді. Оны тапсырушылар баланы «бұл сыйлықты саған Аяз ата беріп жіберді» – деп алдайды. Немесе шыршаның жанына тығып қойған қораптарды Аяз атаның сыйлығы деп үлестіреді. «Айналайын баладан тауып алған даладан» немесе «түсіп қалған шанадан» деген өтірік өлеңдер секілді оған де сенбеске лажымыз жоқ. Аяз шал көбінесе жалғыз да келмейді. Қаршақыз деп аталатын (Снегурочка) немересін ерте келеді. Біздің қазақтар Снегурочканы теледидар хабарларында көбіне Ақшақар деп атап жүр. Ақша қар снежок деген ұғымды білдіреді ғой. Бұл жетім қыздың да қайдан келгенін, қайда туғанын ешкім білмейді. Өйткені, оның әкесі де, шешесі де жоқ. Ертегінің ең шырқау шегі де осы. Аяз ата бойдақ шал ма, әлде үйлі-баранды ма, немерені қайдан тауып алған, жетім балалар үйінен асырап алған ба, ол туралы да ештеңе айтылмайды. Аяз шал мен ақша қардай әппақ болып жүретін қыздың ұлтының кім екені де белгісіз.  Аяз шалдың мұрыны да қып-қызыл. Ащы суды көбірек сілтегеннен немесе сақылдаған сары аязда қатты тонғаннан қызарып кеткен болуы керек.
Қазақ баласына мейірімді ата болатын Қыдыр баба бейнесін сомдау – әдебиетшілердің де, суретшілердің де, киногерлердің де парызы. Қыдыр туралы мультфильмдер шығарылып, ойыншықтар жасалып, оның образы мектеп оқулықтарына енгізілуі керек деп есептеймін. 2001 жылы Астанадағы  «Елорда» баспасынан «Аяз және Қыдыр» деп аталған балаларға арналған жыр жинағым жарық көрген болатын. Кітаптың басты кейіпкерлерінің бірі Қыдыр баба Аязды айтыста жеңіп шығады. Түбінде Наурыздың да Қаңтарды жеңетіні ақиқат.    
-Қыдыр атаны бір жерде Қызыр баба енді бір жерде Қадір ата деп жүрміз. Қайсысы дұрыс?
-Қазақ арасында Қыдыр мен Қызыр сөзі кейде бірін бірі алмастырып айтылады. Айырмашылығы бір-ақ әріп болғандықтан ба, кейде Қыдыр баба, кейде Қызыр баба, көбінесе Қызыр әулие деп жатады. Бірақ, Қыдырға әулие дегенді қосарламайды.«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарық көрген «Бабалар сөзі» көп томдығында берілген түсініктердің бірінде: «Қызыр – Алла мәңгілік өмір берген киелі тұлға, қазақ мифтерінде, фольклор мен діни аңыздарда кездесетін архаикалық бейне, оның есімі Ілияс пайғамбармен қоса айтылады» деген анықтама берілген.(27 том, 335 бет).
Наурыз туралы және оның басты қаҺармандарының бірі Қыдыр баба туралы түсінік қазақ даласында Ислам діні тарамай  тұрып та болғанына шәк келтіре алмаймыз.кыыр
Қызырдың жанында ғайып ерен қырық шілтендер еріп жүреді деген түсінік бар. Қырық шілтен – қырық көмекші, пайғамбардың серіктері. Ілияс пайғамбарды қазақтар Қызыр-Ілияс деп қосарлап атайды. Қазақтың ертегілері мен батырлар жырының бір кейіпкері де осы Қызыр-Ілияс. Кейінгі уақытта жарық көрген кейбір кітаптарда Қыдыр-Ілияс деген сөз де кездеседі, алайда, ол жаңсақтықтан кеткен жаңылу деп қабылдауымыз керек. Қыдыр баба туралы ондай сөз айтылмайды. Қырықтың бірі Қыдыр дегені – оның басқа кейіпте адамды сынау мақсатында келуі мүмкін дегенді аңғартса керек. Қадір түні періштелер келеді. Қыдыр келеді дегені кейін қосылған жапсырма. Ел аралап жүретін, ақ қиімді, ақ сақалды әулие Қызыр-Ілиясқа байланысты айтылса, Қыдыр баба бейнесі де оған ұқсас, бірақ, ол міндетті түрде ақ киім киеді, жасы ұлғайған жасамыс кісі немесе ақ сақалды қария деген ұғым қазақта жоқтың қасы. Бұл екі кейіпкерді шатыстыру екеуінің де адамға ырыс-несібе әкелуші, дәулет беруші, қамқоршы болушы деген ұғымдарға сай келгенінен болса керек.
-Әңгімеңізге рахмет!
 
Қымбат Досжанова
 

 

You may also like...

1 Response

  1. Бақыт айтты:

    Аяз ата деген жоқ нәрсе аяз ата сыйлық береді деп балаларды жастайынан алдамайық,

    Ол негізі кімге керек неге керек ата анамен баланың арасына түсу ертең ол бала аяз атаңа қаты сеніп кеттеді сыйлық беремін деген адамның артына еріп кетеді,

    Ол кім болуы мүмкін мысалы \педофил\ әлде  бала мен ата ананың арасына жік салғысы келген ұйым,

    Алдау арбуға сенбеуі үшін ата ана өзі сыйлық беу керек мен солай сыйлық бергенімде баламның қалай қуанғанын көргенімде мен қалай қуандым десеңдерші оны айта алмайсы оны сезу керек,

    Біздің 22 наурыз бар емеспе ойланайық

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓