“Әр шаңырақ шаттыққа кенеле берсін”
Тиын ХАСЕН, көпбалалы ана
Өз басым ұлттық мереке болғандықтан болар, наурыз мейрамын ерекше асыға күтемін. Бала-шағаммен бірге осыдан жиырма төрт жыл бұрын Монғолия елінен ата қонысқа көшіп келген едік. Ол жақтағы қазақтар да наурызды ерекше сән-салтанатпен қарсы алатын. Бірнеше күн бойы ауылдың қыз-келіншектері неше түрлі ұлттық тағамдарды дайындайды. Әсіресе, жеті түрлі тағамнан дайындалатын наурыз көжеге аса мән беріледі. Бір ерекшелігі, ол жақта әрбiр отбасы көже жасауды мiндетiм деп санайды. Әрі дастарқанның басты асы наурызкөжені осы күні тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылықта жүресің деген сенім де бар. Үш күн бойы аталып өтетін наурыз мейрамында түрлі жарыстар, бәйгелер ұйымдастырылып, қазақтың салт-дәстүрлері дәріптеледі. Киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, жастар жағы таң атқанша тойлайтын. Бүгінде атамекенге оралып, ағайындардың арасында жыл сайын аман есен наурызға жетіп, Ұлыстың ұлы күнін тойлап жатқанымыз да біз үшін үлкен бақыт. Бұл күні дастарқанымызды ұлттық тағамдармен толтырып, наурыз көже істеп, балаларым мен немерелерім жиналып, бір мәре-сәре болып қаламыз. Биыл да наурызды жылдағы дәстүр бойынша отбасымызда қарсы аламыз. Жалпы, наурыз – күн мен түннің теңеліп, табиғаттың ерекше бір түрге бөленіп, жаңаратын кезі ғой. Самарқанның көк тасы еріп, қасиетті қара жер бусанып, табиғат та, жер ана да, жан-жануар да түлеп, жаңарады. Сондықтан, халқымыз наурызға ерекше дайындықпен келген. Осы күні Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезіп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Сол себепті Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген өкпе реніштерін ұмытып, міндетті түрде төс қағыстырулары тиіс. “Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш” деген сөз де осыдан қалған.
Алла тағала жыл сайын ел болып Ұлыстың ұлы күнін тойлай беруге жазсын. Ұлыс оң болып, әр шаңырақта береке-бірлік, шаттық орнай берсін. Егеменді еліміздің іргесі сөгілмей, халқымыз жасай берсін!
Қарлығаш Оспанова