Баршылықтың бастауы – Наурыз көже
–«Туған ай – тураған етпен тең», әне-міне дегенше қар еріп, жылғалардан су ағып, табиғат жасарып, көктемнің саумал самалына ілесіп Наурыз да жетті. Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы –Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. Жыл басын отбасымызда балаларымызбен, немерелерімізбен бірге кең дастарқан басында қарсы аламыз. Наурыз көжені молынан дайындап, бәріміз де тоя ішеміз. Наурыз көжеге тойса жыл бойы көңілің тоқ болады. Баршылықтың да бастауы осы Наурыз көже. Амандық-саулық, ақ тілек, меймандостық, адалдық, молшылық, жалпы ұлтымызға тән тамаша салт-дәстүрімен паш етілетін Наурыз мейрамын өзіндік сән-салтанатымен, думанды тойымен, ән-жырымен қарсы алудың өзі бір ғанибет. Мен өзім Шымкентте оқыған едім. Ол жақта Наурыз кезінде бәріміз де жеңіл көйлекпен жүреміз. Бәйшешеке те гүлдеп тұрады. Ал Қостанайда қыс әлі қытымыр мінезінен танбай тұрса да көпшіліктің көңілі кең. Әз Наурыз баршамызға бақыт пен береке, амандық пен татулық ала келсін.
Айтолқын Айқадамова