“АЙТА АЙТА АЛТАЙДЫ” немесе Рудный көшелерінің аты қашан өзгереді?
Қостанай облысының топырағы қазақтың маңдайына жұлдыз боп біткен ұлыларға кенде емес. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Омар Шипин, Ілияс Омаров, Бейімбет Майлин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді көптеген тұлғалар осы өңірде дүниеге келді.
Сондықтан болар Рудныйға ат шаптырым орналасқан Қостанай қаласында осы ұлы тұлғаларға арнап көше атаулары берілген. Ал 130 мыңға жуық халқы бар Рудный шаһарына бірде-бір қазақша көше атауы бұйырмапты. Бар-ау, бірақ іздесе адам баласы таппас жеке сектордағы "переулоктарда" не жоғалтты олар. Әлде қазақты қорлаудың жолы ма бұл?
Қаладағы Ленин, Франко, 50 лет Октября, 40 лет Октября, Комсомольская, Корчагин, Пионерская, Мир, Качарская, Калинин көшелері сырттан келген қонаққа, құдды Ресей империясында жүргендей әсер сыйлайды.
Сонда қазақ халқына ортақ Абай, Ыбырай, Шоқан, Ахметтердің Рудный қаласына түк қатысы жоқ болғаны ма? Әлде олардың "жазығы" кеншілер қаласында тумағандығы ма? Онда Ақтөбе қаласында Алтынсарин көшесі, Шымкентте Бай-тұрсынов, ал Астанада М.Дулатұлы көшелері қалай келіп қалғанын жергілікті билік пен ономастикалық комиссия мүшелері білмей ме? Біледі. Біле тұра ұлттық мүддемізге қатысты мәселелерді ең соңғы кезекке қояды.
Біз қанға біткен төзімділі-гімізбен ұлттық мүдде тұрғысынан ұтатын жерде арқамызды кеңге салып, сағыздай созылып жүріп алдық. Енді нақты іске кірісер кез келді! Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жер-су атауларын жаппай қазақыландыру қарқынды түрде жүріп еді. Республика бойынша Гурьев, Целиноград облыс-тары мен 13 қаланың, 54 аудан мен көптеген елді мекеннің атаулары қазақшаланды.
Алайда, соңғы кездері ежелгі жер-су атауларын жоқтаушылар қатары азайып кеткен секілді. Тәуелсіз елдің еркін ойлы ұрпағын отансүйгіштікке, ұлтшылдыққа, ешкімге жалтақсыз етіп тәрбиелейміз десек бұл мәселенің кезек күттірмесі анық.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ