Ауыл – азаматымен ажарлы
Қарабалық ауданында ел дамуына ерекше үлес қосып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – «Қарабалық АШТС» ЖШС басшысы Дамир Қалдыбаев. Ол бүгінде Қарабалық ауыл шаруашылық тәжірибе станциясын басқарады.
Ауыл шаруашылық тәжірибе станциялары – бұл аграрлық және мал шаруашылығы саласындағы инновациялық технологияларды өңдеумен айналысатын ғылыми станциялар. Оның қатары елімізде аз емес. Бірақ Қарабалық ауданы Научное ауылында ертеден ашылып, жемісті іс атқарып келеді.
– Осы өңірге Қарағандыдан келген едім. Келгеніме де екі жылдың көлемі болды. Жалпы ауылдың халқы, ауылдың өзі, Қарабалық өңірі маған қатты ұнайды. Қазір жұмыс қызу атқарылуда. Себебі нағыз тынбай еңбек ететін шақ. Күз, орақ науқаны дегендей. Машина-тракторлардың қатарын жаңалап, 2 миллиардтан астам теңге осы техниканы жаңартуға жұмсалды. Ангарлар салып жатырмыз. Біздің мақсатымыздың бірі – ауылдарды көркейту. Мұны ешқашан назардан тыс қалдырған емеспіз. Научное, Белоглин, Святослав ауылдарын үнемі абаттандырып отырамыз. Биыл үш ауылға бірден балалар алаңқайын орналастырдық. Ауылдарды бір-бірінен бөліп жармай, қандай игілікті іс бастасақ та үшеуіне де бірдей жасаймыз. Себебі осы үш ауылға қарасты ірі шаруашылық біздер ғана. Алдағы уақыттарда ауылдарда жаттығу залдарын салғымыз келеді. Үш ауылға ортақ күрес залының ашылғанын қалаймыз. Оның үшеуін қатар салсақ жаттықтырушылар қатары аз. Келер жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық мәдениет үйіне, мектепке, ауыл жолдарына, ауылдық амбулаторияға және 16 пәтерлі төрт қабатты ғимараттың жөнделуіне қаражат бөлеміз деп жоспарлап отырмыз. Олардың сметалық құжаттары дайын. Осылайша ауылдардырдың көркін ашып, дамыта берсек деген мақсатымыз бар. Оның сыртында аудан әкімімен ақылдаса отырып, ауылда тағы да бір әлеуметтік нысан салғымыз келеді. Жоспар көп. Футбол алаңына жасанды газон төсеп, сауықтыру кешенін салсақ па дейміз. Мұның бәрі де алдағы жылдарда жүзеге асып қалар, - дейді Дамир Қалдыбаев.
Шаруашылық биылғы орақ науқанын да бастап кеткен. Бірақ екі ай бойы болған аптап ыстық пен мезгілсіз жауын шаруаларды алаңдатып отыр.
– Маусым, шілде айларында жердегі дымқылдың көлемі 100 мм артық болуы керек еді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл көрсеткіш тек 30 мм ғана болды. Екі ай бойы аптап ыстық жағдайды қиындатып жіберді. Соған қарамастан егіннің кейбір сорттары сол ыстыққа шыдап шықты. Қазір егіннің көрсеткіші гектарына 18-25 центнерді көрсетіп тұр. Орташа көрсеткіш 12-15 центнерді көрсетеді деп болжап отырмыз. Биыл енді қай жағынан алсақ та қиын жыл болып тұр. Десе де жаз бойы тынбастан еңбек еттік, -дейді ол.
Шаруашылықтың иелігінде 10 мың гектар егіс алқабы бар. Барлығы 14 мың гектар. Дақылдың түр-түрі егіледі. Негізгі табыс осы егіннен түседі. Әрине, мемлекет тарапынан да көмек бар. Бірақ биыл осы көмек екі есеге азайып кетіпті.
– Біздің ғалымдарға бұрындары мемлекет тарапынан 52 млн теңге қаражат бөлінетін. Ал қазір бар болғаны 26 млн болып қысқарып қалды. Ал жұмыстың көлемі арта түсті. Қазақстан бойынша селлекциялық орталықтар көбейіп кетті. Алдағы уақытта қаржыландыру екі есеге ұлғаяды деп сенеміз, үмітіміз зор. Біздің ғалымдар еліміз бойынша орта көрсеткіш жалақыны алуы керек деп есептеймін. Зертханашылар 50-60 мың теңге ала отырып, олардан жақсы жұмысты талап еткеніміз де жарамайтын сияқты. Кадр мәселесінде де жетіспеушілік бар. Өз ісін жақсы білетін, оқыған жастар келсе екен дейсің. Жас мамандарды шақыру үшін оларға жағдай жасау керек. Жалақы, баспана мәселесі дегендей, - деп шаруашылық басшысы бірқатар мәселенің бетін ашты.
Зертханаға керек деген аппараттар жаңартылып отырады. Мұнда жақсы техникалық база бар. Қатты, жұмсақ, жаздық бидайдың, жұмсақ күздік бидайдың, арпаның, бұршақ дәнділер мен зәйтүн дақылдарының іріктелімімен айналысатын зертханалар бар. Аз қаржыланыдыруға қарамастан, станция жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Осындай нәтижелер станцияның мәртебесін өсіреді. Қостанайда дәнді дақылдарды өсіру мен іске асыру үшін климаты қолайлы, бірақ құрғақшылық та болады, сол себепті континенталды климатқа тұрақты түрлерді жасап шығару қажет. Қазіргі кезде қосымша өнім әкелетін бидай сұрыптары бар.
Жақында Дамир Қалдыбаев туған жерді түлетуге қосқан еңбегі үшін «Жомарт жүрек» сыйлығы табысталған еді. «Жомарт жүрек» сыйлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында тағайындалады. Сыйлық қайырымдылық, меценаттық және филантропия идеяларын насихаттау мақсатында жанашыр азаматтарға беріледі. Дамир Қалдыбаев ауылдарды көркейтуге еңбек сіңіріп, әлеуметтік саланы қолдағаны үшін «Туған өлке» («Родной край») аталымында жеңімпаз деп танылды.
Қарабалық ауданы.