Бүлдіршіндер де “Қостанай таңын” оқиды
Таяуда ғана көңілді тапқырлар клубының (КВН) облыстық "Жайдарлы ЖасҰлан" мектеп лигасында қалалық №14 балабақшаның өрімдей өнерпаздары тұңғыш рет сахнаға шығып, жоғары ұпай жинап, көрерменді тәнті қылды. Ұйымдастырушылар бұл тарихта алғаш болып жатқан құбылыс екенін де жасырмады. Құрамында тоғыз сәби қатысқан "Бауырсақтар" жайдарман тобына жетекшілік еткен Азамат Сейіткерей де шәкірттеріне дән риза. Ол өзі де талай рет сахнаға шығып, облыстағы көңілді тапқырлар клубының беделді мүшесіне айналған жан. Қазір жас маман балабақшада денешынықтыру сабағының әдіскері ретінде еңбек етуде. Биыл Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын өз мамандығы бойынша тәмамдайды екен. Балабақша ұжымы мен өнерпаз сәбилердің ата-аналары да оның бұл еңбегіне шынайы ризашылықтарын жасырмады. Бір қызығы, орыс-қазақ ұлты аралас балабақша балалары біздің газетімізді тұрақты оқып тұратын болып шықты. Кәдімгідей, әріп танып, жүгіртіп оқып та берді. Біз де бұл көрініске куә болып, олардың игі ниетіне аса бір қуанып қалдық.
– Алдағы уақыттағы жарысқа біз сапалы әзіл, ұтқыр ой көрсетуге қызу дайындық жасап жатырмыз. Егер тағы да жеңіп шығар болсақ, үмітіміз ақталып, республикалық сахнада өнер көрсетпекшіміз. Мұны сәбилеріміз де жақсы түсінеді. Тіпті, өздері қазір бұрынғыдан қарағанда біраз икемделіп, бойлары үйреніп қалды,- дейді Азамат Әлімханұлы.
Біз де жас сәби оқырмандарымызға ақ жол тілейміз!
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ
"Бауырсақтар" жайдарман тобы: "Қостанай таңы" – біздің газетіміз!