«Жұмыспен қамту-басты міндет»
Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ерлан Жаулыбаев БАҚ журналистерімен кездесті. Іс-шарада аталған басқарма қызметінің өткен жылғы қорытындысы және биылғы міндеттері туралы айтылды.
Былтырғы жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында облыста 1242 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ 460 адам шағын несие алып, ауыл және мал шаруашылығы салаларында жеке кәсіптерін дамытуға мүмкіндік алды. Бағдарлама бойынша еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту қолға алынған. Өткен жылы кәсіби оқытудан өткен азаматтардың 95%-ы жұмыспен қамтылыпты. Өңірдегі жұмыссыздықпен күресу мақсатындағы шаралар биыл да жалғасын табады. Алайда, бағдарламаны жүзеге асыруға арналған республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі азаяды. Оған әлемдік экономикалық жағдай себеп болып отыр. Сонымен қатар биыл жастар тәжірибесіне көбірек көңіл бөлінбек.
-Халықты жұмыспен қамту-Елбасы жүктеген басты міндеттердің бірі. Осыған орай елімізде 2011 жылдан бастап «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы басталды. Аталған бағдарлама халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашып, біздің облысымызда да оң нәтижесін беруде,-деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ерлан Жаулыбаев.
Облыс тұрғындарына 9 түрлі әлеуметтік көмек көрсетіледі. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инватакси қызметін ерекше атауға болатындай. Қазіргі уақытта Қостанай, Рудный, Арқалық қалаларындағы мүгедектер инватакси қызметін пайдаланады.
Баспасөз мәслихатының барысында басқарма басшысына алдағы Наурыз мейрамы туралы сұрақ қойған едік. Ерлан Әлімбайұлы ұлық мерекені естен шығармай, жұрт қатарлы атап өтетінін айтты. Бір қуантарлығы, 1 наурыз күні аталған басқарманың ғимаратына «Ұлыстың ұлы күнімен» деп жазып қойдық деді.
Қымбат ДОСЖАНОВА