Гүлдене бер, Астана!

Астана – армандар орындалған қала
 
асем козбакова
Ол кезде тым жас едік. Жаңа тұрмысқа шыққан кезім. Ауылда жұмыс жоқ, ел енді-енді еңсесін тіктеп жатқан уақыт қой. Жас қалада бір жақсы өмір күтіп тұрғндай, әйтеуір бір үміт болды. Кейін жолдасым екеуміз кішкентайымызбен Астанаға көшуді ұйғардық. Бұл 2000 жылдардың басы болатын. 
Келсек тек жалғыз біз ғана емес, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген жастар толып жүр екен. Бәрі де үйсіз-күйсіз, не жұмыс жоқ, мардымды жалақы да жоқ. Бәрінің көкейінде бір үміт, бір арман. Соның жетегінде жүр. Әуелгі жылдар осылай қиындықпен өтті. Пәтерден пәтерге көшіп, тұрақты жұмыс та болмайды.
Қазір соның бәрі түс не соңы ғажайыппен аяқталатын ертегі сияқты. Көзді ашып-жұмғанша барлығы сол аңсаған арманға қол жеткізгендей. Қала бір мезетте жайнап шыға келді, сол қиял қуып келген жастардың бәрі керегесі кең отбасыға айналды. Алғаш келгенде Астана табыстырған достарымызбен жиі бас қосып, сол бір өткінші дәуренді еске аламыз. Сондағы асыл армандарымыз бізді алдамапты.
Әлемнің әйгілі қалаларымен иық тірестіріп, бәсекеге қабілетті, шарықтап дамып жатқан Елордамызды көргенде кеудеңді мақтаныш кернейді. Астана көшелерімен келе жатып, шет елдерден келген қонақтар мен саяхатшылардың таң қалып, суретке түсіріп жүргендеріне жиі куә боламын. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның жемісі, біздің жеңісіміз.
 
Әсем Қозбақова, Астана қаласының тұрғыны, медицина қызметкері.
 
Кемел келешек қаласы
 
жадыраАстана – арман қала деп жатамыз ғой, жастықтың жалынымен еліміздің бас қаласына осыдан 4 жыл бұрын арман қуып келдім. Төрт жылда елордалық болып кете қоймасам да, еліміздің Астанасы жүрек түкпірінен ойып тұрып орын алды. Қостанайдың Науырзым деген жерінде туып-өсіп, болашағымды ел еңсесі Елордамен байланыстырғаным кездейсоқтық емес.
Әлі есімде мектепте оқып жүргенімде Астананың он жасқа толуына орай шығармалар байқауы ұйымдастырылды. Бала көңілден шыққан тырнақалды шығармам аудандық байқаудан облысқа өтіп, үздік шығармалар басылған жинаққа енген еді. Менің бұл кішкентай жеңісім бала қиялыма қанат бітіріп, ертеңімде елордамызбен байланыстыруыма түрткі болды деп айта аламын.
Бала арманым орындалғаны шығар, бүгінде елордамызбен бірге өсіп-өніп, тәй-тәй басқан қадамдарының куәсі болып жүрмін. Осы төрт жылдың ішінде Елордамыз еңсемді тіктеп, қанатымды қатайтты. Даму динамикасына ілесуді үйретті. Бүгін, міне, әлем көз тігіп отырған Астанамыз бозбала жастан өтіп, кемелденер жасқа келіп отыр. Еліміздің жүрегі – Елордамыздың келешелі кемел екеніне кәміл сенемін…
 
Жадыра Мырзахмет, журналист
 
Өнердің даму сатысы
 
IMG_1828Менің қазіргі тағдырым Астанамен тығыз байланысты. Мен – өнер ұстазымын. Түсінген адам білер, мәдениеттің жол тым қиынға түседі, ал оған ұстаздық қосылғаннан соң жауапкершілік үдей түседі. Ал мұндай жағдайда жанға серпін берерлік құтты орынның керегі және бар. Астанаға 1998 жылы келдім. Басты мақсатым – талантты шәкірттерді іздеу. Осында гуманитарлық колледжде музыкант болдым. Рас, бірінші келгенде мені ешкім танымады. Мәдени іс-шаралар бола қалса, «где этот музыкант?» дейтіндер қазір ағалап алдымнан шығады. Мұндағы айтқым келгені – адам еңбекпен ғана танылады.
Қай ортаға кіріп барсам да «Торғайдың қазағымын» деп бастаймын әңгімемді. Сол кезде барлығы мойын бұрып, құлақ асатын. Бір жағынан, Астанаға келіп, өзіңді мойындата білу оңай жұмыс емес. Бұл орданың басты артықшылығы, қасиеті осы шығар. Қазір Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының оқушыларынан құралған ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісімін. 2001 жылы осы ұлт-аспаптар оркестрі, былтыр Астана қаласындағы гуманитарлық колледж студенттерінің оркестрі «Халықтық ұжым» атағын алды.
Қазіргі Астанамен бұрынғы облыс орталығын салыстыруға әсте келмейді. Мен көшіп келіп жатқан тұста Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Санаулы жылдар ішінде Астана мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасына айналды. Жаңа Астанамыздың құрылысы – жас мемлекетіміздің жасампаздықка ұмтылысының, бүкіл қоғамымыздың жаңаруының ерекше символына айналған кұбылыс. Басқасын айтпағанның өзінде, мен сөз етіп отырған бір ғана өнер саласында қаншама өзгерістер бар. Бұл дегеніңіз – Елордамыздың өнер жолындағы даму сатысы.
 
Сапарғали АХМЕТЖАНОВ, өнер жанашыры
 
Жасампаздықтың жаршысы
 
2ce9d6ab-b271-46f8-b6cd-e54874d19720Астана десе, кез келген арман қуған жас елең ете қалады. Себебі, Елорда – жалындаған жастардың қаласы. Мен Астанаға 2009 жылы келдім. Ол кезде «Бәйтерек» монументі, «Думан» кешені, «Мега Астана» ойын-сауық орталығы сияқты аз ғана танымал ғимарат бар-тын. Әрине, қазіргі кезде бас қаланың көркін жаңа сәулеттік ғимараттар ашып тұр, олар қаланың ажарын адам танымастай етіп өзгертті. Өзім қостанайлық болсам да, Елордаға үйреніп қалдым. Есілдің жағасында таңғажайып архитектуралық талғамға сай, ерекше эстетикалық үйлесіммен бой көтерген ғимараттар
Қаланың тазалығында, әсемдігінде мін жоқ. Сәулетті қаланың көркіне көз тоймайды. Тұрғындардың мәдениеті де жоғары. Қалада бос жүрген адамдарды көрмейсің. Бәрі жұмысбасты. Бұл да бәсекелестік үшін қажет деп ойлаймын.
Әрине, туған жеріміздің орны бір бөлек. Жыл сайын Аманкелді ауданы, Байғабыл ауылына барып, үлкен рухани күш-жігер жинап, демалып қайтамыз. Дегенмен, жастық пен жаңалықтың ордасына асығып тұрамыз. Елордамыз –Еуропа мен Азияны байланыстыратын тарихи орталық. Нағыз білімді, дарынды, өнерлі жастардың қаласы тек еліміздің мақтанышы, абыройы ғана емес, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын айғақтайтын, жас ұрпақты туған жеріне деген кіршіксіз сезімін, елжандылық қасиетін қалыптастыратын құт мекен деп есептеймін.
 
Нұрболат МҮТӘЛІПОВ, Астана қаласы бас әскери
клиникалық госпиталінің қызметкері
 

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓