Ержүрек ерлерді еске алды

Жексенбі күні қостанайлық ауған соғысының ардагерлері қасіретті жылдардың құрбаны болған ерлерді еске алды. Себебі, 15-ақпан – Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылған күні. Еске алу митингі қала орталығындағы Жеңіс паркінде өтті. Аталған жерде ауған соғысының құрбандарына арналған ескерткіш белгі бар. Шараға жиналғандар боздақтардың аты-жөндері жазыл-ған тақтаға гүл шоқтарын қойды.
– Кеңес әскерлерінің ауған даласынан шығарылғанына биыл жиырма алты жыл. Арада ұзақ уақыт өтсе де аталған соғыстың қасіреті ұмытылған жоқ. Себебі, он жылға созылған шайқаста қандас, бауырларымыздан айырылдық. Олардың ерлігі, есімдері ескерусіз қалмауы керек. Ауған соғысының көзі тірі куәгерлеріне әртүрлі жеңілдіктер жасалуда. Бір өкініштісі, "Ауған соғысының қатысушылары туралы" заң жоқ, – деді Қостанай облысы бойынша Ауған соғысының ардагерлері ұйымының төрағасы Манарбек Сұлтанғазин.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: митингтен көрініс.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.