Оқушы қыздың ұялы телефонын тартып алған ұрлықшының жолы болмады
Осыдан үш күн бұрын Қостанайдың Гагарин-Қозыбаев көшелерінің қиылысында аялдамада тұрған 14 жасар қыз бала ұялы телефонынан айрылып қалған. Абырой болғанда жылап келе жатқан жасөспірімге полиция қызметкері аға сержант Лауласын Тортаев кездеседі. Кішкентай жәбірленушіден мән-жайды білген ол ұрлықшының соңына түскен. Аулалардың арасын тінтіп, қыз бала бейнелеп берген жігітті байқап қалады. Құғыншыны сезген қылмыскер тәртіп сақшысынан қашып құтылмақ болады, бірақ ұзаққа бармай ұсталған. Алғашында ол өз кінасын мойындамай, танысының өтінішін орындағанын алдыға тартқан. Оқиға орнына келген жедел қызметкерлер 26 жасар жігіттің ұрлық, қарақшылық және газды пистолетті заңсыз сақтау үшін алты рет сотталғанын анықтады.
Қызметтен тыс уақытта өзінің кәсіби міндетін шеберлікпен орындаған Л.Тортаев тағы бір қылмысты ізін суытпай ашты. Айта кету керек, тәртіп сақшысы өткен жылы саяжайдағы кезекшілігі кезінде қарт кісіні от жалынынан алып шығып, құтқарған.
Жыл басынан бері Қостанай қаласы ІІБ жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ұйымшылдық пен жеделділік танытып, 12 қылмыстың бетін ашқан.
Махаббат Бекбай