Сайлауға дайындық пысықталды
Баршаға белгілі болғандай, 26 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті сайлауы өтпек. Бұған өңірдегі дайындық барысын пысықтау мақсатында облыстық әкімдікте аппарат жиыны өтті.
Сондай-ақ, алқалы отырыста жылу маусымының аяқталуы һәм көктемгі егіс, су, сел тасқынына дайындық, бектілген облыстық бюджеттің есеп-қисабы талқыға түсті.
Сәуірдегі басты оқиғаға қатысты облыстық сайлау коммиссиясының төрайымы Антонина Маркова есеп беріп, аталған шараға күнтізбелік жоспар қойылғанын, соған сәйкес 847 участке, 20 аймақтық және облыстық сайлау комиссиясы қатысатындығын мәлімдеді. Бұлардың орналасу шекаралары қалалық, аудандық БАҚ көздерінде жарияланғанын да жеткізді.
– Осы жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сүйенсек, өңір бойынша сайлаушылар 549 717 адамды құрап отыр. Бірақ бұл алдағы уақытта өзгеріп кетуі де ықтимал. Әрбір аймақтарда колл-орталықтар жұмыс істейтіні, сайлаушылар өзіне қажетті ақпаратты осы орталықтардан алуға болады,- деді Антонина Маркова.
– Біз мұны әбден пысықтап алуымыз қажет. Кейбір шалғай жерлерде орналасқан ауыл-аймақтағы сайлаушылар тек қана ақпаратпен ғана емес, басқа да қажетті жағдаймен қамтамасыз етілуі қажет. Мұны аппарат басшысы Арман Әбеновке нықтап тапсырамын,- деді өңір басшысы Нұралы Садуақасов.
Бұдан кейін үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары әрбір аймақтағы халыққа толық жеткізілуі әрі үміткерлермен кездесетін орындар алдын-ала белгіленіп қоюы қажеттігі де пысықталды.
Нұрболат Мешітбаев