Мамандар туберкулезді талқылады
Қазір еліміз бойынша туберкулездің алдын алу мақсатында айлық өткізілуде. Ақпанның 24-нен басталған бұл шара наурыздың 24-не дейін жалғаспақ. Осы орайда, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының мамандары облыстық онкологиялық диспансерде дөңгелек үстел өткізді.
Басқосуға жиналған мамандар құрт ауруы туралы, оның алдын алу мен емдеу жолдары туралы айтты. “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” деген қағиданы алға тартқан дәрігерлер кез келген адамның өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, қандай сырқат болса да дер кезінде емделу керектігін тілге тиек етті.
–Бұрын құрт ауруына көп жағдайда әлеуметтік жағдайы төмендер көп шалдығады деуші еді, қазір бұл дерт жасты да, жағдайды да талғамайтын болды. Әлеуметтік жағдай өз алдына, бүгінде бұл дертке қатты күйзеліске ұшырағандар да шалдығатын болған. Емделуі ұзаққа созылатын бұл сырқат жалғыз өкпені ғана емес, ағзаның басқа мүшелерін де зақымдауы мүмкін. Сондықтан, аурудың белгілері білінсе, дереу дәрігерге көріну қажет. Айлық барысында біз аурудың алдын алу мақсатында көптеген шараларды ұйымдастырып, аталмыш дерт жайында халыққа кеңінен ақпараттандырып жатырмыз, – дейді бағдарлама үйлестірушісі Рабиға Наукенова.
Қарлығаш ОСПАНОВА
Суретті түсірген Айбек Жүзбай