Мүмкіндігі шектеулі жандар да еңбекке құштар

Елбасы Н.Назарбаевтың "Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты халыққа Жолдауында: "Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады", – деп атап көрсетіп, оларға барлық жағдайдың жасалу қажеттігін тапсырған-ды. Осыған орай жергілікті билік тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек қолы созылуда.
мүгедек
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік көмек секторының меңгерушісі Надежда Зубаревадан білгеніміздей, Лисаков қаласы бойынша барлығы 849 мүгедек бар. Олардың 370-і ІІ топта, ал 99-ы І топтағы мүгедек, 380-і ІІІ топта. Жыл басынан бері 10 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс сұрап келді. Жалпы 13 мүгедек жұмыспен қамтылды. Аталған бағдарлама бойынша олардың барлығы да жыл аяғына дейін жұмысқа орналасады деп күтілуде. Сонымен қатар бұл игілікті іске баса назар аударылып, бос жұмыс орын жәрмеңкелерін ұйымдастыру іс-шаралары өткізіліп отырғанын жеткізді. – Елбасының мүгедектерге көптеп көңіл бөлуін назарда ұстаудамыз. Жақында ғана бір мүмкіндігі шектеулі жан жұмыспен қамту орталығы берген жолдамамен электрик мамандығы бойынша біліктілігін жетілдіріп қайтты, – дейді Н.Зубарева. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталған "Кедергісіз келешек" жобасы іске асуда. Аталмыш жоба төрт бағыт бойынша жүзеге асырылып отыр. Біріншіден, мүгедектерді тұрақты жұмыс орындарына орналастыру, екіншіден, кедергісіз жағдайлар жасау, үшіншіден, мүгедектердің мәселелеріне қоғам мен бизнестің назарын аударту, төртіншіден, мүгедектердің құқығын барынша тиімді жүзеге асыру үшін құқықтық алаң қалыптастыру. Надежда Зубарева жұмыспен қамту мәселелері оңайлықпен шешілмейтінін айтады: – Кейбір кәсіпорын, серіктестік басшылары қамкөңіл жандарды жұмысқа алуға аса құштар емес. Кейбір жағдайда жұмыс табылғанымен, жұмысқа орналасушының мүмкіндігі сәйкес келмей жатады. Алайда мұндай мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, өмірдің белсенді азаматына айналуына мүмкіндік беретін әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасау", – дейді ол. Иә, қамкөңіл жандар да еңбекке құштар. Сондықтан да оларға әркез демеу қажет-ақ.
Шұға Қоңқабай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓