ҚЫЗМЕТ САПАСЫ – БАСТЫ ҰСТАНЫМ

Рудный қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасында журналистерге арналған пресс-тур өтті. Басты мақсат салық және кеден комитеттері, экономикалық қылмыстарға жауапты қаржы полициясының органдары біріктірілген жаңа құрылымның жұмысын жалпақ жұртқа таныстыру.
Шараның кеншілер қаласында ұйымдастырылуы кездейсоқ емес. Олай дейтініміз, Рудныйлық Мемлекеттік кірістер басқармасы сапалы қызмет көрсетуінің арқасында облысты былай қойып, республикадағы алдыңғы қатарлы басқармалардың бірі саналып отыр. Пресс-тур барысында журналистер қауымы үлгілі органның жеті бөлімін аралап, ондағы мамандармен жүздесті. Бөлім басшылары болса, басқарманың құрылымы мен жұмыстың негізгі ерекшеліктері туралы толық мағлұмат берді.
Мәжіліс залында өткен жиында Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті директоры орынбасарының міндетін атқарушысы Марат Ұржанов:1111
– «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру аясында атауы өзгеріп, қызмет аясы кеңейген комитет, ең алдымен, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашуды көздейді. Сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызмет сапасын үнемі жақсартып тұру – мемлекеттік салық саясатының басты ұстанымы, – дей келе атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп берді.
Оның айтуынша, электронды сервистің пайда болуы қызмет көрсетуді жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Ал «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасының базасында бүгіннің өзінде кез келген адам салық және кеден декларацияларын тапсыра алады. Бұдан бөлек мемлекеттік қызметтерді көрсетуге кететін уақытты қысқарту мақсатында электронды кезекті басқару жүйесі табысты жұмыс істеп келеді.
Жаңа экономикалық саясаттың басты мақсаты Қазақстанды әлемнің ең озық 30 елінің қатарына енгізу. Комитет пен департаменттегі бұл жағымды өзгерістер қарапайым халықтың оң бағасына ие болып, болашақтағы дамуымызға зор серпін беріп отыр. Біз салық құрылымындағы осы реформалар отандық кәсіпкерлердің өрісін кеңейтетініне сенімдіміз.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓