Жаздыкүні шілде болғанда…

замЖыл он екі айдың мамырлаған мамыр айы да өтіп, жадыраған жаз да келді. Оқушы балалардың ең бір қуанышы,  сағына күткен айлары деп айтуға болады. Енді мектепке бармайды, есеп шығарып, тапсырма орындамайды, жаттығу жазып, жаттау жаттамайды. Жазғы демалыс каникулын балалар да, үлкендер де асыға күтті. Балалар жақсылап дем алып тыныққысы келеді, ал ата-аналар болса  ұзақ оқудан,  емтиханнан шаршаған баласының демалысын қалай ұйымдастырсам екен деп ойлайды. Біз балалардың жазғы демалысы қалай өтпек, денсаулығын сауықтыру және бос уақытын ұйымдастыру бағытында қандай жұмыстарды жүзеге асырады деген сұрақтармен Қостанай қаласы білім бөлімі жетекшісінің орынбасары Данагүл Сүйіндіковаға жолығып, әңгімелескен едік.
– Әрине, оқушы балаларымыздың жазғы демалысы, олардың бос уақыты тиімді әрі қызықты болуы үшін, денсаулықтарын сауықтыру, нығайту, оқу жылы аяқталса да шығармашылықтарын жан-жақты дамыту мақсатында біраз жұмыстар  атқарылатыны сөзсіз. Осы үстіміздегі жылғы жазғы кезеңде балалар демалысын, сауықтырылуын, бос уақытын ұйымдастыру және құқықбұзушылықтың, қылмыстың, қараусыздық пен бақылаусыздықтың алдын алу мақсатында 32 жалпы орта білім беру ұйымы мен 7 қосымша білім беру ұйымы базасында  балалар демалысы, сауықтырылуы,  бос уақытын тиімді пайдалануына қатысты шаралар ұйымдастырылатын болады.
Қала балаларының жазғы кезеңде демалысын, сауықтырылуын және  бос уақытын ұйымдастыру жүйесі жалпы білім беретін мектептер базасында балалардың күндізгі сауықтыру алаңдарын қамтыса, бейіндік алаңдар мектептер мен мектептен тыс ұйым базаларында көгалдандыру мен абаттандыру бойынша бригадалар, атаулы әлеуметтік қорғалуға тиіс отбасы балалары, девиантты мінез-құлықты балалар демалысын ұйымдастырады.
Жазғы демалыс кезінде – балалар демалысын ұйымдастырудың аз шығындалатын нысандарының бірі – мектеп базасында ұйымдастырылатын алаң болып табылады. Болжаммен берілген мәлімет бойынша 2014 жылы  90 күндізгі  алаң жұмыс істейтін болады. Онда баланы тамақтанумен қамтыған күндізгі алаңда 6,8 мың (2013 жылы 88 алаң, балалардың қамтылуы – 6,7 мың)  және 3,2 мың баланы қамтыған, тамақтандырусыз 69 алаң (2013 жылы – 67 алаң, оның ішінде 3 мың бала) жұмысы жоспарлануда. 
Бұл жазғы мектеп жанындағы алаңдарда  азаматтық-патриоттық, зияткерлік, рухани-адамгершілік, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Балаларды сауықтыру мақсатында  денсаулықтарын шыңдау, фитотерапия және т.б. түрлі рәсімдерді орындау ұсынылады. Сонымен бірге мектептеріміз қаламыздағы түрлі сауықтыру кешендерімен тығыз байланыста болып, жұмыс істейтін болады.
– Осы  алаңдардан басқа  балалар үшін тағы да қандай жазғы демалыс орындары жұмыс істейтін болады?   Әлеу-меттік жағынан аз қорғалған отбасы балалары  да назардан тыс қалмаған болар?
– Мектеп жанындағы сауықтыру алаңдары мен мектептен тыс білім беру ұйымдарында 5 мыңнан астам баланы қамтитын 120 бейіндік алаң жұмыс істейтін болады, мәселен, спорттық, спорттық-туристік, экологиялық, өлкетану, палаталық, әскери-патриоттық, дебаттық, қазақ тілі мен ағылшын тілін игеру бойынша, информатика, математика және т.б., деген секілді.
Ал, енді әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасы балаларына келер болсақ,  бұл санаттағы балалардың жазғы кезеңдегі  демалысын, сауықтырылуын және бос уақытын ұйымдастыру мақсатында 2014 жылғы жергілікті бюджеттен 10,7 млн.теңге бөлінді (2013 жылы – 9,6 млн.т). Қала сыртындағы "Сосновый бор"  демалыс лагеріне аз қамтылған отбасы балаларының, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың демалысы мен сауықтыруларына арналған  350 жолдама сатып алынды. Оған 8,7 млн.теңге жұмсалды. Сонымен бірге жоғарыда көрсетілген санаттағы балалардың тегін тамақтануын ұйымдастыру үшін 2 млн.теңге бөлінді.
Балалардың бос уақыты мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бағытында бала мен жасөспірімді қамтыған қосымша білім беретін 7 ұйым жұмыс істейтін болады. Бұл орындар кем дегенде 7000  бала мен жасөспірімді қамтиды. Сонымен бірге   он тоғыз аула клубында түрлі аралас бағыттағы  елу төрт үйірме жұмыс істейді. 4500 оқушыны қамтыған 75 спорттық секция жұмысы өз жалғасын табады. Ал, техникалық шығармашылық және балалар шығармашылығы мектептерінде – 1,4 мың баланы қамтыған 34 үйірме жұмыс істейді. Көркемөнер мектебі базасында балаларды эстетикаға тәрбиелейтін жазғы мектеп пен балалар музыка мектебі базасында "Музыкалық кинозал" бейіндік алаңы жұмыстары ұйымдастырылатын болады.
Болжаммен берілген мәліметтер бойынша барлық нысандағы демалыс пен сауықтыру түрлері-мен 2014 жылы 19799 немесе 9,17 % оқушы қамтылатын болады (2013 жылы 18860 оқушы, 91,7 %).
Ата-аналарға айтарымыз сол, оқу жылы аяқталғанымен, балалар үшін мектеп жанындағы алаңдарда қызықты іс-шаралар  болады. Көңілді спорттық жарыс-тар, музыкалық қонақ бөлме, би кештері, театрландырылған шоу-бағдарламалар дегендей. Бұдан басқа да балалар қаладағы түрлі мәдени демалыс орындарын атап айтқанда, қазақ және орыс драма театрларын, кинотеатр, сауықтыру кешендерін аралайды.  Сол секілді балалар көркемөнер мектебіне, қалалық техникалық шығармашылық үйіне экскурсия жасайды. Онда  өздері құралпы балалардың қолынан туындаған туындыларымен, шығармашылықтарымен танысады. Балаларға саз мектебінің оқушылары тегін концерт өткізбек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Гүлназым
    САҒИТОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓