“Шебер қол, зерек ой”
Ы.Алтынсарин мұражайы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қонақтар шақырып, тамаша кеш ұйымдастырды. Жалпы Ыбырай атамыз қазақ тарихында әйелдердің теңсіздігін тұңғыш көре білген және сол ауыр халден шығарып, өнер-білімге тарту жолында алғаш қол ұшын берген қайраткер екені белгілі. Осы үрдісті мұражай қызметкерлері жалғап отыр.
Еліміздің көптеген әйел азаматшалары оқу оқып, іскерліктерін дамытып, өз отбасыларының шырайын келтіріп, елдің көзқуанышы болып көпшіліктің ықыласына бөленуде. Осыған байланысты 8 наурыз қарсаңында білім мен өнерді тең ұстаған қыз-келіншектер Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайында өткен "Шебер қол, зерек ой" атты кеште бас қосты. Қонаққа бүгінде көпке үлгі болып жүрген Аруна Жақсағұлова, Гүлбану Ілиясова, Малика Мұқтар келді. Олар сыр бөлісе отырып, өздері жасаған қолөнерлерін де көрсетті. Сондай-ақ, "Ақ дариға" хорының әншілері сазды әуендерін шашу етіп ала келді. Жиналған педагогикалық институты филология факультеті мен индустриалдық педагогикалық колледжінің студенттері іліммен қоса өмірлік тәжірибе жинақтады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА