Педагогтің кәсіби стандарты
Президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Педагог» кәсіби стандартын әзірледі. «Педагог» кәсіби стандартының ерекшеліктері туралы педагогтер арасында түсіндіру жұмыстарын жүріп жатыр. Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ директоры Марионелла Слесарь насихаттау жұмыстарының барысы туралы айтып берді.
– ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сай «Педагог» кәсіби стандарты жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды. Педагогтің кәсіби стандарты – бұл педагог қызметкердің жеке және кәсіби құзыреттерінің жиынтығын қамтитын негізгі құжат, – деп атап өтті Марионелла Слесарь.
Баяндамашының айтуынша, ең алдымен «Педагог» кәсіби стандарты – білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтердің кәсіби даму траекториясының бағдары. Стандартта белгіленген ережелер, құзыреттерге қойылатын талаптар мұғалімнің үздіксіз кәсіби дамуына әсер етпек. Сайып келгенде, мұның бәрі білім сапасына қатысты. Осы кәсіптік стандартты ескере отырып, білім беру бағдарламалары, сертификаттау және аттестаттау рәсімдері, үздіксіз кәсіптік дамудың мазмұны әзірленеді және жаңартылады және педагог кадрларды қызмет бойынша ілгерілету стратегиясы құрылады.
-Жаңартылған кәсіби стандарт озық халықаралық тәжірибені қамтиды, сонымен қатар педагогтердің құзыреттілігін толық көрсетеді. Жаңа буынның кәсіби стандартында алғаш рет 4 критерийден тұратын педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерінің шеңбері анықталды: олар кәсіби құндылықтар, кәсіби білім, кәсіби тәжірибе және кәсіби өсу. Бұл 4 критерий мұғалімдердің не білуі және не істей алуы керектігін анықтайтын 13 стандарттан тұрады. Әрі қарай, әр стандартта педагогтердің бес санаттары үшін (тағылымдамашыдан бастап шеберге дейін) дескрипторлар бар. Кәсіби стандарт қалыптастыру принципіне сәйкес бес санат шеңберінде педагогтерге арналған сапа стандарттарын анықтайды. Мысалы, 3.2 (үште екінші) – «білім беру/ тәрбие процесін жоспарлау қабілеті» стандартында – педагог-тағылымдамашы сабақты оқу мақсатына сәйкес жоспарлайды, ал педагог-шебер тәжірибелік зерттеу нәтижелерін пайдалана отырып, оқу процесінің мазмұнын жоспарлайды, – дейді Марионелла Слесарь.
Кәсіби стандартты, оның мақсаттарын, қолдану салаларын жан-жақты түсіну үшін қазіргі уақытта педагогикалық ұжым арасында, мүдделі тұлғалар арасында Кәсіби стандарттың мазмұны бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кету керек, 2017 жылғы «Педагог» ұлттық кәсіби стандартын алғаш рет «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы әзірледі. Егер бұрынғы редакция бізге мұғалімнің жіктелу деңгейін, еңбек функцияларын, кәсіби даму дәрежесін бағалауға аз мүмкіндік берсе, қазіргі редакция бізге мұғалімнің кәсіби маршрутын тағылымдамашыға, зерттеушіге дейін құруға мүмкіндік береді. Бұл біліктілікті арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын дәл әзірлеуге, педагогтарды қайта даярлауды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.