Креативті педагог
Қостанай облысына "Серпін" бағдарламасымен оқуға келіп, Тобыл-Торғай өңірінде еңбек етуге қалған жас мамандардың қатары аз емес. Аз уақытта-ақ жемісті жұмыс істеп, шығармашылық табысқа жетіп жүрген дарынды педагогтер бар. Солардың бірі – Қостанай педагогикалық колледжі директорының орынбасары Арыстан Нұралыны Мұғалімдер күні қарсаңында оқырмандарымызбен таныстырғымыз келеді.
Арыстан Нұралы Нұрланұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Абай ауылдық округінде туған. 2018 жылы Қостанай педагогикалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын «Мәңгілік ел жастары индустрияға» – «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында тәмамдады. Еңбек жолын Қостанай педагогикалық колледжіне Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Ол екі жыл уақыт аралығында өзін жауапкершілігі мол, шығармашыл, сауатты және талапшыл маман ретінде көрсете білді.

Педагог өзі жүргізетін пәндерінің ғылыми негіздерін жетік меңгерген және оқытудың оңтайлы әдіс-тәсілдерін, соның ішінде зерттеушілік және тәжірибелік-сараптамалық тәсілдерді шебер қолданады. Сонымен қатар қазіргі таңдағы әлем елдерінің тіл үйретуге арналған әдіс-тәсілдерін қазақ тілінде оқытпайтын топтардағы қазақ тілі сабақтарында тиімді пайдаланады. Білім алушылармен жұмыс жасау барысында ақпараттық-коммуникативтік технологияларды, жаңартылған білім беру бағдарламасының элементтерін табысты пайдаланады.

