Даңқ кітабы – Сарыкөлде
Осы уақытқа дейін аймақтың он жеті өңірінде өткен Қостанай облысының Әскери даңқ кітабы эстафетасы біздің ауданға табысталды.
5-ші желтоқсанда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елена Бауэр бастаған топ тарихи туындыны таныстыру мақсатында Тимирязев ауылына атбасын бұрды. Оған Чехов ауылының әкімі, мектеп мұғалімдері мен оқушылары да жиналды. Шара аясында қос ауылдың халқына рухани дүние туралы кең көлемде түсіндіріліп, халық үшін оның қаншалықты құнды, жас ұрпақ үшін маңызы мол екендігі тілге тиек етілді.
Шараға шақырылған қонақтар облыс ұйымдастырып жат-қан игі істің игілігі туралы ілтипаттарын білдіріп, ал мұғалімдер мен оқушылар соғыс ардагерлері жайында айтты.
Жалпы, сол сұм соғыстағы майдангерлердің ерлік шежіресін баяндайтын бұл кітап жүректен жүрекке жол таппақ. Яғни, біздің ауданның он төрт округіне таныстырылып, өңірдегі ҰОС ардагерлері туралы қажетті материалдармен толықтырылып, 18 наурыз күні Қостанай ауданына салтанатты түрде табысталмақ.
Бұл шараның басты мақсаты – қазіргі қоғамдағы патриоттық дәстүрді насихаттап, өз халқымызбен мақтануға тәрбиелеу және елдің өткеніне өз үлесін қосқан белгілі тұлғаларға құрмет көрсету.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.