Кердөнен

Марқұм Василий (Масғұт Әлімжанұлы) Шалабаев көрген-түйгені мол, парасат тұнған кісі еді. Екі тілде де еркін жазатын.  Мына әңгімесі осыдан  аттай 25 жыл бұрын  "Дала қоңырауы"  газетінде жарық көрген. Оқып көрсеңіз қазақы  тағлымы мен  шынайылығына  тәнті боласыз.
Редакция.лошадь для
1901 жылдың жазы. Ел жайлауда. Бір күні Арыстан деген жиеніміз маған: "Сен Бесейге шын жиен болсаң Рамазанның қолында екі жүйрік бар, Атығай – Қарауыл, Керей – Уақтың той-думанында екеуі бірдей бәйге алып жүрген көрінеді. Соның біріне қолқа салсаң қайтеді", деп көңіліме жел салып жіберді. Үйге келіп шешемнің екі аяғын бір етікке тығайын. Ат жалын тартып мінетін уақытым болды, қос жүйріктің біреуін қалайда "әпер де әпердің" астына алайын. Анам амалсыздан жолбасшы, атқосшы адамдар тауып берді. Өзі бірге жүретін болды. Атақты Нияздың ұрпағы, 19 ғасырдың белгілі қайраткері Елтіннің Жігітінің немересі – Шалабай бидің жұбайы, әйгілі Бесейдің қызы Қадиша төркіндеп бара жатыр деген хабар шыққан соң жолдағы ел аяғынан тік тұрып қарсы алды.
Айта кететін бір жағдай, туыстан бала жақын деген рас қой. Келе жатқан елден әжем сұрайтын: "Рамазанның қос жүйрігінің несі артық?" – деп: Мына балам жиендік жасағысы келеді, – дейтін. "Жат елге неге жариялайды?" – деп ойлайтынмын. Байқасам ол да саясат екен. Сонда қанжығалылар: "Қолқа салсаң, Кердөненге сал. Биылғы бәйгеде Күреңбелден бір мойын ғана кем келді, бірақ, түбі озады", – деп түндіктей желпілдететін.
Мұқырға да жеттік, көп күн қонақ болдық, сонымен ұзын сөздің қысқасы, кейін қайтатын да уақыт жетті. Рамазан нағашым: "Жиен жолы ауыр деуші еді, ат жалын тартып мінетін уақытың болыпты, тек Алла ғұмыр берсін, көк бестіні байлатып қойдым, жетегіне байлаңдар", – деп саңқылдап бұйрық қылды. "Байладық көке, байладық", – деген дауыс естілді. Далаға қалай атып шыққанымды, бәкімді ашып, жетекте ауыздықты қайшылап тұрған аттың шылбырын қалай қиып жібергенімді өзім де сезбей қалыппын. "Мұндай мәстек бізде сасып жатыр, берсең Кердөненді бер, бермесең, маған мұндай жабының бұты бір-ақ тиын", – деп үйге қайта кірдім. Нағашым: "Апыр-ай, қарағым, назар салмасаң қайтеді. Кер-дөненді Сұлтан арнап мініп жүр еді, сен оның жасына жеткенше, тағы бір жүйрік туар, оны да міңерсің, ал қазір ренжімей екі ат мініп кет", – деді. Мен оған: "ойнама, нағашы. Бесейдің бір баласы екеу мініп, бір баласы байталға қарап отырсын дегенің бе, сұрағанымды бермесең, басқасын алмаймын", – дедім.
Нағашым сыртта жүрген Сұлтанды шақыртты. "Әй, Сұлтан, мынау тұрған кім?" – деп апасын нұсқады.
– "Е, апам емес пе, неге танымаймын", – деп сабырлы үнмен жауап қата бергенде, "ендеше, сырты түк, іші боқ мал емес пе, ана дөненіңді байла", – деп саңқ ете қалды.
Үй іші жым-жырт. Сұлтан қойнына қолын салып, оқаланған тұмарды алып шықты: "Өзім де соны ойлап келіп едім, көке, жиеннен не аяйық", – деп маған қарады. Қуқыл тартқан үнінде қан жоқ.
…Кердөнен жетекте, көңіл көтеріңкі, біз келеміз. Артта салт атқа мінген Сұлтан да келеді. Апасын қимады ма, атты қимады ма, бізді бір қыдыру жерге шығарып салды. Кейін естідік, "Апыр-ай, ініден бала жақын-ау, Кердөненді қимай мен де жүре бердім, алды-артына қарамай апам да кете барды-ау", – депті.
Кердөнен осыдан кейін де біраз бәйгенің қызығын көрді. Бірде сүліктей жылтылдаған Кердөненді мініп келе  жатқанымда үлкен көштің алдынан шықтым. Көшті бастаған шонжарлардың бірінің аты иесі аунатып тастап алысқа қашып жатса керек. Атақты шонжар: "Шалабай-ау, Шалабай, атыңды бер, әйтпесе жирен атқа еш мал жерге жете алмайды, малым кетсе жолым болмайды, бер атыңды!" – деп қолқа салды.
– Ойпыр-ау, мана кеткен атты қалай қуады, мынау ыстықта ат өлмей ме? Манағы отыз ат жібермес, әкелер, деп көріп еді, "атың өлсе, тұяғына бір жыл-қы берем, ал атым кетсе, онда мен елге қайтам", –  деп жер тепкілеп тұрып алды.
– Қап-қап, болмас, ал енді, – деді. Бір тыңғылықты жігіт жайдақ мінді. Менің бала – ерім оған келмеді. Құйындатып жөнелді, әлден уақытта қара бақайына дейін малшынған жирен атты теңселтіп, қамшымен айдап әкелді. Кердөнен әлі шиыршық атады, көзі ұясынан шығып, аздап қанталап кеткен сияқты, ақ көбік шашырап, бүйірін де аса соқпайды.
– Жануар-ай, қанатсыздың жүйрігі екен, – артқы тұяғы аяғымды алға көтере шаптым. Манағы жігіттерден басып озып, атты қамшымен қайырдым. Бұл заманның тұлпары, қанаты бар мал ғой – деді.
– Ойбай, түкір, түкір, Қажеке, үшкіріп жібер, біреудің тілі, біреудің көзі, – деп ел гуілдесіп жатыр.
– Бұл Кердөненнің қызығын ақтық рет көргенім екен. Атақты қыпшақ Балғожа, Қанғожа – Жаңбыршы балалары. Патшадан шен алып, шапан киген Балғожадан Қошан, Алтынсары туады. Қошанның алғаны атамыз Жігіттің қызы. Одан Омар туады. Олардың болыс болып тұрған кезі. Суөгіздің туысы Мұсаның Ахметі (сол кезде ол да болыс) қонақасы беріп жатқан кезі екен. Шалабай да шақырылған болар, бірақ кешігіңкіреп келіп түсіп жатқанда ақ үйдің ішінде гуілдеген әңгіме Кердөнен туралы екен. Келгендер ығай мен сығай: ішінде Қанғожа баласы Мінайдар болыс, әйгілі ақын Наушабайдың Нұржаны бар.
– Ол жүйрікті жиендікпен әкелген, сіздер де жиен емессіздер ме, – деген желдіртпе сөздер болып жатқан болар.
Ел бірге, қонаққа шақырылып келген құдалар сый-құрметке бөленіп деген сияқты, аттанарда әкеміз Омарға да, аталған екеуіне де бір-бір ат байлатып. – Ал  жиен, ойға алғаның болмаса, тағы айт дегенде Омар: "Әй, Шалабай, ұлдан сен, қыздан мен емес пе едім, Сәурігің тұрып, мәстек байлағаның не. Байласаң, ана жүйрігіңді байла, аруақ риза болсын, әйтпесе ана атыңды шеш, сенің тұқымыңа лайық емес, менің тақымыма лайық болмас", – депті.
– Жиен жан-ау, мына жалғыз мінген ат еді, бала жылайды ғой, 200 жылқым бар, соның таңдауын қаласаң қайтеді, дегенде Омар: "Сенің балаң жыласа, менің қарам үзілгенше жылар. Ал мен жыласам, сонау "Арам" көрінгенше жылармын", – деген.
"Ара" дейтіні "Арақарағай" деп аталатын қазіргі Обаған жері, Қостанайдан 40 шақырымдай, Балғожа ұрпағының қонысы. Сонда анамыз атты бергізген еді. Бірақ оларда да көп тұра алмаған. Алып барған жылы қыстың басында бірінші аңға шыққанда қасқырдың үйіріне кездесіп, бір күнде жетеуін соғып, сегізіншіні қуып келе жатқанда алдынан үлкен жыра кездесіп, қарғығанда омақаса құлап, жұлыны үзіліп кетіпті.
Сойып қарағанда, бір омыртқасы артық екен, екі жағында қос қанаты бар екен, – дейді.
Кердөнендей тұлпарлы жеріңнен  айналсаң болмай ма, кең даладай көңілді еліңнен айналсаң болмай ма?!
Осы күні осындай ойға жиі келемін.
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓