Нағыз жауынгер
Аманкелді, Алтыншы пленум, Мирзоян, Коминтерн колхоздарынан қан майданға 239 адам аттанып, оның 142-сі майдан шебінде ерлік көрсетіп, қайсарлықпен мерт болса, 97 жауынгер елге келген. Амансау оралғандары еңбек майданына белсене кірісті.
1941 жылы қырғын соғысқа кеткенде жастары небәрі 17-25 жас аралығындағы көптеген жас жауынгердің есімдері тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Еңбек совхозында майдангерлерге арнап 1960 жылы ескерткіш қойылды.
Ерлігі мен еңбегі ел аузында аңызға айналғандардың бірі – менің атам Баймағанбетұлы Тоққожа. Ол 1922 жылы 1 қаңтарда Торғай өзені бойындағы Жартоғай жерінде дүниеге келген. Көк-алат ауылындағы қазіргі Албарбөгет орта мектебінен 7 кластық білім алған.
Тоққожа атам 1941 жылы Украина елі Харьков қаласында үш ай әскери даярлықтан өтіп, осы жылы 19 жасында Воронеж қаласының түбіндегі Верхняя берейка, Нижняя берейка селоларының жанынан бір топ ауылдастары мен замандастары: Сейітқасым Боранқұлов, Байдос Бекмұратов, Зәкәрия Омаров, Әбдіхалық Нүрпейісов, Сұлтанғазы Әлмағанбетов, Қабылда Стамқұлов, Әбдірәсіл Шіренов, Мұхамедияр Есмағанбетов, Әбди Сыздықбаев, Қуаныш Әбілов, Жалел Құловтармен бірге соғысқа аттанған еді. Бұл кісілердің ішінен Әбілдің Қуанышы елге оралмаған екен.
Сонау қырғын соғыста сол көзі мен сол аяғынан, басынан жарақаттанып, госпитальға түседі. 1943 жылы ІІ топтағы мүгедек болып елге оралды.
Атам Тоққожа елге оралған соң, мүгедектігіне қарамастан ел жұмысына белсене араласып кетті. Ол қара қылды қақ жарып, шындықты бетке айтатын жан екен. Жұмыста адал болып, тәртіпті қатаң сақтапты. Жерлестері Тоққожа Баймағанбетұлының жас та болса бас болып, елді алға сүйрейтінін сезіп, өздеріне қорған етер адам деп сенген. 1944 жылдан милиция капитаны болып, біраз жылдар тергеуші қызметін атқарады. Қызыл отау партия ұйымының басшысы, КПСС ұйымының мүшесі болды. 1958 жылдан бастап Албарбөгет ауылдық кеңесінде төраға қызметін атқарады. Өмірінің соңғы жылдарында партия ұйымының хатшысы, ферма меңгерушісі, ауыл шаруашылығында есепші фуражер сияқты қызметтерді істеді. Сондай-ақ, "Ер қанаты – ат" демекші, жақсы атбегі болған, ер-тұрман, ат әбзелдері әлі күнге сақтаулы.
Гүлнар БАЙМАҒАМБЕТОВА.
Жанкелдин ауданы.