Тауқымет
Ұлы жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында ауданымыздың байырғы тұрғыны сексеннің сеңгіріне шығып, "Ардақты ана" атағын иеленген Рсалдина Күлнар әжеміздің шаңырағына арнайы барып, сұхбаттасқан едім. Әжеміздің жасы сексенге келсе де, әдемі жүзінен, жанарынан нұры таймаған. Күш қайраты бойында. Сөзі де ширақ. Тек самай шашын аздап ақ қырау шалған екен. Босағадан аттап шаңыраққа сәлем беріп, әжеміздің жатын бөлмесіне кіре бергенімде орнынан ұшып тұрып, көрпе төсей бастады. Негізгі келгендегі мақсатымды айтып, төрге жайғастым. Ендігі ойым әжеміздің сары сандыққа сақталған барқыт матасындай соғыс жылдарында басынан кешкен оқиғаларынан сыр тарту. Ал әжеміз болса "айналайын балам, сәл кідіре тұр" деп көздің жауын алатын көк қамзолын киіп, омырауына алқаларын тағып, суретке түсуге қамданып жатыр. Расында, "қартайғанда бір бала", – деген осы екен. Күлнар әжеміз 1935 жылы 1 ақпанда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Өзденбай тыл ардагері кешегі соғыс жылдары елде қалып, соқамен жер жыртып, шығырмен су тартып, егін шаруашылығымен айналысқан. Өрімдей Күлнар әкесіне көмектесіп, қыз бала болса да қара жұмыс-қа бел шеше кірісіп, әбден төселген. Ол кезде білім алмақ түгілі көз шырымын алар бос уақыттың өзі бола бермейтін сәт. Ертелі кеш күйбең тірлікпен айналысып, сүріне жығылатын. Басынан талай қиыншылықты өткізген әже ішерге ас, киерге киім таппаған. Ол заманда он үйге бір сиырдан, бір қойдан ғана беріледі екен. Елден қалған қарапайым халық шұлық, биялай тоқып, майданға жіберіп отырған. Тіпті кейбірі шашылған бидайды теріп, қуырып жеген. Колхоздың қара жұмысында жүріп жетілген Күлнар әже осындай адам айтса нанғысыз қиындықтарды басынан өткерген.
"Біздің заманымыз қиындық пен ауыртпалыққа толы кезең еді. Мен ашаршылық дәуірінде дүниеге келдім. Ол уақытта әке-шешем егін шаруашылығымен айналысты. Кейін ес білген шағымда қара жұмысқа білек түре кірістім. Елді дүрліктірген соғыс жылдары тылда еңбек етіп, Қайпен атаңмен көңіл жарастырып, тұрмыс құрдым. Жанымызды шүберекке түйіп, баламызды етегімізге орап өсірдік. Аллаға шүкір, отағасы екеуміз заманның қиындығына қарамай 8 бала тәрбиелеп, осы күнге жеткіздік. Мен өзімді бақытты анамын деп толығымен айтуға құқылымын. Себебі "Ардақты ана" атанып, 26 немере, 13 шөбере сүйіп отырған жайым бар. Бүгінгі ұрпақ еркіндік пен теңдікке қол жеткізді. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік жас ұрпақтың еншісіне бұйырды", – деп Күлнар әже ұзақ ойланып, тыныстады. Бұл күнде соған сай зейнетақы алып отырған әжей тылдағы және одан кейінгі жылдардағы совхозда төккен терінің еңбек өтіліне қосылмай қалғандығына қынжылады. Бірақ жоқшылық пен қиыншылықты көп көрген кейуана бүгінгі бейбіт замандағы ұрпағының тірлігіне шүкіршілік етумен келеді. Бүгінде қатары сиреп бара жатқан әрбір тыл еңбеккерін нағыз батыр, нағыз өз елінің патриоты деуге әбден лайық. Ол кісілердің жасаған ерліктері еш ұмытылмайды. Еңбек ер атандырар деген даналық дәл осындай еңбек ардагерлеріне арналғандай. Еліне істеген ерлік еш ескерусіз қалмайды және ескірмейді. Ардагерлердің еңбегін ардақтау азаматтық борышымыз!
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ.
Жанкелдин ауданы.