Майдангерлер рухына тағзым (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Бүгін Қостанай қаласында Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. 2-дүниежүзілік соғыс ардагерлері және қала тұрғындары Жеңіс паркіндегі ескерткіш түбіне гүл қойды. Рәсім карантин талаптарына сай өтті.
Қала орталығынан мәре алған көлікті шеру Жеңіс саябағына шұбап кірді. Колонна құрамында қала басшылығы, ардақты ардагерлер және ұрыс даласында қаза тапқан майдангерлердің ұрпақтары бар. Минуттық үнсіздіктен кейін және жылдағы дәстүр бойынша батырлар аруағына арнап бір дүркін оқ ату рәсімінен соң Мәңгілік алау түбіне гүл дестелері қойылды.Сондай-ақ, автоколонна құрамында байкерлер – қостанайлық "МС R-19" клубы болды. Жеңіс күні құрметіне шеру құрған мотоцикл тізгіншілері де алау түбіне ықылас гүлін әкелді.
Айта кету керек, бұл салтанатты шараны тұрғындардың бәрі бірдей тамашалай алмады, өйткені шектеу шараларын қадағалап, саябақ кіреберістерін полицей бекеттері күзетті.
Мұның сыртында, қала орталығында концерттік бағдарлама қойылып, әскери қару-жарақ, сарбаздардың жеке қолданған заттары, майдан даласында жазылған хаттар және басқа да экспонаттардан құралған арнайы көрме жайылды.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков