Екі ойында – жалғыз ұпай
7 Наурыз күні Қазақстан Ұлттық чемпионатының Премьер-Лига командалары арасындағы ойындары басталды. Биыл ел біріншілігінің жоғарғы эшелонында өнер көрсететін он екі команда өзара жұптасты. Алматының "Қайратына" қонаққа барған "Тобыл" футболшылары алғашқы турда қарсыластарына оңбай ұтылды. 0:4.
Владимир Вайсс жаттықтыратын алматылық команда соңғы жылдары өз құрамдарына кілең мықты футболшыларды жинады. Өйткені, клуб басшылары "Қайраттың" алдына үлкен міндеттер жүктеген болатын. Былтыр ел Кубогын жеңіп алған оңтүстік астаналықтар биылғы маусымашарда Суперкубок үшін болған тартысты кездесуде де тәп-тәуір өнер көрсеткенін жақсы білесіздер.
Оның үстіне олар биылғы чемпионат жүлдесінен де дәмелі.
Алматыдағы Орталық стадионда өткен матч қостанайлықтар үшін оңайға соққан жоқ. 7000 жанкүйер тамашалаған футбол матчы қос қарсыластың қайсысы басым екендігін ә дегеннен-ақ айқындап берген. Сөз жоқ алаң иелері өздеріне сенімді әрі жинақы ойнай білді. Соның арқасында олардың жеңіске деген ұмтылысы "Тобыл" футболшыларына қарағанда анағұрлым жоғары болғандығын жасырудың қажеті шамалы.
Жерлестеріміз де реті келгенде қарсыластарға үн қатуға тырысты. Әсіресе, команда капитаны Н.Жұмасқалиевтің соққылары "Қайраттың" қақпашысы В.Плотниковты біраз әуре-сарсаңға салып қойды. И.Бугаев, О.Красич те, командаға қысқы оқу-жаттығу жиындарында келіп қосылған К.Мкртчан да, Калу Уче де алаң иелерінің жүйкесіне тиген. Бірақ, мұның бәрі "Тобыл" үшін еш нәтиже әкелген жоқ. Матчтың 16-шы минутында қостанайлықтардың айып алаңына еркін енген Жерар Гоу ала допты қақпашыдан оп-оңай асыра салды. Бұл жолы Гоу қатарынан үш доп соғып, биылғы чемпионаттың тұң-ғыш хет-трик авторы атанса, Бауыржан Исламхан да шеберлігімен ерекшеленді.
Ел чемпионатының ал-ғашқы турында "Тобыл" сапында алаңға мына футболшылар шықты. А.Петухов, Ш.Кучера, А.Садовничий, Р.Аслан, Н.Кургулин, К.Мкртчян, Н.Шливич (С.Мошников 46), Н.Жұмас-қалиев (к), Т.Шимкович (У.Калу 57), О.Красич (И.Юрин 80), И.Бугаев
Ал сәрсенбінің сәтінде Алматының Орталық стадионында "Талдықорғанның "Жетісуына" қарсы ойнаған жерлестеріміз тағы да өздерінің дәрменсіздіктерін көрсетті. Тоқсан минут бойы жалғыз доп соға алмаған "Тобыл" футболшылары соңғы ойында жалғыз ғана ұпай олжалады. Енді қостанайлықтар 15 наурыз күні өз алаңында Көкшетаудың "Оқжетпесін" қабылдайды.
Матч соңынан өткен дәстүрлі баспасөз мәслихатында "Тобыл" командасының бас бапкері Вардан Минасян былай деді:
– Бізге бірінші ойыннан кейін психологиялық жағынан ауыр соқты. Өздеріңіз көргендей алғашқы тайм жүйкеге көп әсер етті, ал кездесудің екінші бөлігінде ғана біздің футболшылар ойын өрнегін жақсартқанымен еш нәтиже шықпады. Біз екі ұпай жоғалттық, негізі осы кездесуде жеңуіміз керек еді.