Қоржында тағы үш ұпай!
Өткен сенбіде еліміздің бірнеше қаласында футболдан ел чемпионатының Премьер лига командалары арасындағы ХХ тур ойындары аяқталды. Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Оралдың «Ақжайық» командасын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, қоржынға маңызды үш ұпай салған қостанайлық команда турнир кестесінде 31 ұпаймен 4 орынға көтерілді.
Екі қарсылас арасындағы кездесудің алғашқы бөлігі жайбірақат өткенмен, қонақтар ә дегенде Дмитрий Непогодов қақпасынан саңылау іздеуге көшті. Алдымен Константин Дудченко ала допты ұршықша үйіріп, алаң иелерінің мазасын қашырған. Бірақ, «Тобыл» қорғаушылары оған еш мүмкіндік берген жоқ. Батыс қазақстандықтар іле бұрыштан бір емес, екі мәрте айып добын көтерген. Тағы да нәтижесіз.
«Тобылға» маусымаралық үзілісте келіп қосылған Ника Квеквескри осы жерде жылдамдығымен көзге түсті. Сәлден соң грузиялық легионердің гол соғатын мүмкіндігі болған, бірақ, тағы да қонақтар Никаның алдын кес-кестеп, қақпаға жақындатқан жоқ. Осылай жан алысып, жан беріскен матчтың алғашқы 45 минөті тең нәтижемен аяқталды. Екінші таймда алаң иелері манағыдай емес, қарқынға қарқын қосты. Алаңға Рауль Джалиловты алмастырған Нұрбол Жұмасқалиев шықты. Шыны керек, осыдан кейін ойын мәнері өзгеріп сала берді. Жұмасқалиев шыға салып, бірер мәрте айып добын ұрып та үлгерді. Соққы жойқын болғанымен, қақпаға дарыған жоқ. Келесі ретте Аздрен Ллулаку қонақтарды бірнеше рет састырды.
Көп ұзамай «Тобыл» нәтижелі соққы жасады. Бұл жолы тағы сол Н.Квеквескиридің көтерген добын Фернандер Кассай баспен ұрып, «Ақжайық» қақпасына датырып үлгерді. 1:0! Шамалыдан соң ойынға Жасұлан Молдақарев қосылған. Ол Вухты алмастырды. Алаң ортасында Н.Квеквескири. Ол аяғына ілінген допты жан-дәрменмен алға асырған. Ортаңғы шепте А.Щеткен жүр. Ол әдеттегінше іргілген жоқ, оң қапталға сытылып шыққан Жасұлан Молдақараевқа қарай пас асырды. Оңтайлы сәтті Молдақараев құр жіберсін бе, Денис Төлебаев қорғаған қақпаға сырғыта салды. Қорытынды есеп 2:0! Жерлестеріміз қажетті үш ұпайды еншіледі. Енді олар 22 шілде күні «Астанаға» қонаққа барады. Ал екінші айналымның соңғы кездесуі Атырауда өтпек. 29 шілде күні қостанайлықтар «Атырауға» қарсы ойнайды.
Әлібек ЫБЫРАЙ